$543.24 €619.89 ₽6.78
×

Алматыда ауа райы құбылып тұр

AstanaTV
09.06.2015ж. 13:00
2246
Алматыда ауа райы құбылып тұр

Алматыда үш күн қатарынан елді әбігерге салған аптап ыстықтың арты кеше түнде қатты нөсерлі дауылға ұласты. Ұйтқи соққан желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 23 метрге дейін жеткен. Қалалық төтенше жағдайлар қызметіне дауылдан зардап шеккендерден 23 қоңырау келіп түскен. Олар көбіне электр желілерінің үзілуіне, ағаш бұтақтарының құлауына шағымданыпты. Алмалы ауданында алып ағаш үш бірдей көлікті басып қалған. Ал нөсер жауын түн ауа басталып, бүгін түске дейін толастамады. Қаланың Түркісіб және Жетісу аудандарында үй аулаларын су басқан. Ал Әл-Фараби даңғылының бойында жаңа салынған жер асты көпірлерінде көп көлемде жиналған жауын суы көліктер жүрісіне кедергі келтірді. Ал «Қазгидромет» ауа райын болжау орталығы, ауа райының өзгеруі солтүстіктен келген суық ауа ағымынан дейді.

Арзыгүл Илиева, «Қазгидромет» Ауа райын болжау орталығының жетекші инженері:

Бүгін ауа райы - бұлтты. Жауын кешке қарай саябырсиды. Ауа температурасы +19-21 градусқа дейін жылынады. Бірақ 10 маусымда қайтадан антициклон енеді де, жауын жауады. Түнгі уақытта ауа температурасы +10 градусқа дейін төмендейді. Ал жұмаға қарай күн ашылып, қайтадан ыстық ауа ағыны әсерінен күн қатты ысиды.

Айгүл ЕРМАХАН