$539.54 €637.09 ₽6.52
×

Алматыда дүлей желден зардап шеккендер бар

AstanaTV
09.06.2015ж. 20:00
Алматыда дүлей желден зардап шеккендер бар

Алматыда ауа райы қала тұрғындарын тағы да әбігерге түсірді. Үш күн қатарынан қайтпаған аптап ыстықтың арты кеше дүлей жел мен қатты нөсерге ұласты. Ұйытқыған жел екпінінен ағаштар құлап, көліктерге зақым келтірді. Жел көпқабатты үйлердің шатырын да сыпырған. Ал түнімен құйған жауын салдары түске дейін көлік қозғалысын қиындатты. Табиғаттың дүлей мінезінен кейінгі ахуал туралы Ришат Асқарбекұлы толықтырады.

Шелектеп жауған нөсерден соң бүгін таңертең қаланың көп аудандарында ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Көлкіген жауын суы әсіресе кейінгі жылдары салынған жол айырықтарында қозғалысты қиындатты. Әл-Фараби, Төле би, Райымбек және Рысқұлов даңғылдарының көп жерінде су нөпірінен аяқ алып жүру мүмкін болмаған. Ал Жетісу және Түркісіб аудандарындағы үйлердің жертөлелері де суға төтеп бермепті. Қаланың тап ортасындағы көп қабатты бірнеше үйдің шатыры тесіліп, пәтерлерді су басқан.

Амантай Мағажанов:

Шамамен түнгі сағат 22-30-да жел қатты соға бастады. Бір кезде біздің үйдің шатырын жұлып әкетті. Сосын көп ұзамай жауын басталды. Сонымен пәтеріміздің ішіне түнімен су сорғалап ағып тұрды. Таңертең пәтер иелері кооперативіне барып шағымдандық, бірақ әлі ешкім көмекке келген жоқ.

Дауыл салдарынан Алмалы ауданындағы Наурызбай көшесіндегі мына үй айтарлықтай зардап шеккен. Онда екі пәтердің барлық бөлмелерін су алған. Ал мына үйдің ауласында тұрған үш көлікті дауыл құлатқан ағаш басып қалыпты. Қалалық төтенше жағдайлар қызметіне көмек сұраған 23 қоңырау келіп түскен. Құтқарушылар электр желілерінің үзілуінен ағаш бұтақтарының сынуына байланысты туындаған қиындықтарды жою шараларын жүргізген.

Жанат Ақжолов, Алматы қаласы ТЖД бөлім басшысы:

Қала халқы мен қонақтарына СМС хабарламалар жіберіп, осындай алдын алу жұмыстарын жүргіздік. Осының салдарынан аса зардап шеккен маңызды зиян көрген мекемелер жоқ. Жел салдарынна 3 үйдің төбесіне маңызды емес зиян келді, шатырлары бүлінген. Одан бөлек үш машинаға зақым келен. Бірақ адам шығыны жоқ.

Сондай-ақ Медеу шатқалында жауын салдарынан лай көшкіні жүріп, шатқалға апаратын жол жабылып қалды. Төтенше жағдай мамандары, бұған Кіші Алматы өзенінің арнасынан асып кетуі себеп болды, дейді. Ал синоптиктер ауа райы солтүстіктен соққан суық ауа ағымының әсерінен күрт өзгергенін түсіндірді.

Арзыгүл Илиева, РМК «Қазгидромет» ауа райын болжау орталығының жетекші инженері:

Бүгін ауа райы - бұлтты. Жауын кешке қарай саябырсиды. Ауа температурасы +19-21 градусқа дейін жылынады. Бірақ 10 мауысмда қайтадан антициклон енеді де, жауын жауады. Түнгі уақытта ауа температурасы +10 градусқа дейін төмендейді. Ал жұмаға қарай күн ашылып, қайтадан ыстық ауа ағыны әсерінен күн қатты ысиды.

Айта кетейік, Алматыда тура бір ай бұрын қатты дауыл тұрып, 12 адам зардап шеккен болатын. Ол кездегі шығыннан бұл жолғы желдің салдары жеңіл болды, дейді төтенше жағдай мамандары. Десе де Алматыда табиғат тосын мінез танытып, қоршаған ортаға зиян келтіру оқиғалары жиілеген. Медеу мен Шымбұлақта 2011 жылы мамыр айындағы қатты дауылдан 1 адам қайтыс болып, мыңдаған түп қарағай құлап қалған еді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ