$541.01 €640.34 ₽6.52
×

Қазақстандық қос студенттің АҚШ-тың қай түрмесінде жаза өтейтіні жақын арада белгілі болады

AstanaTV
09.06.2015ж. 20:00
Қазақстандық қос студенттің АҚШ-тың қай түрмесінде жаза өтейтіні жақын арада белгілі болады

АҚШ-та сотталған қазақстандық қос студенттің қай түрмелерде жаза өтейтіні жақын арада белгілі болады. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаевтың айтуынша, алдын-ала дерек бойынша, Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяқов Американың төрт штатындағы түрмелердің біріне қамалуы мүмкін. 

Алтай Әбибуллаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, айрықша тапсырмалар жөніндегі елші:

Екі отандасымыздың қандай түрмелерде болуы адвокаттарға өте маңызды, қазіргі таңда сот үкіміне петиция дайындап отыр. Бұл петицияға сәйкес 4 штататағы түрме қарастырылуда, бірінші Солтүстік Каролина, Вирджиния, Флорида және Джорджия. Қандай штатта қай түрмеде болатыны жақын арада белгілі болады.

Еске салайық, жақында «Бостон теракті» бойынша айыпталған қазақстандық студенттерге үкім шықты. Диас Қадырбаев 6 жылға, Азамат Тажаяқов 3,5 жылға сотталды. Олар қылмыстық іс бойынша айғақты жасырғаны үшін жазалы. Сот процесі 2,5 жылға созылғандықтан, осы уақытқа дейін абақтыға отырған отандастарымыз кесілген жазаның біразын өтеп үлгерді. Бастапқыда қанды қырғынға қатысы бар деген күдікке ілінген студенттер 15 тен 20 жылға дейін сотталады және 250 мың доллар айыппұл төлейді делінген. Сыртқы істер министрлігі, бұл істе адвокаттардың еңбегін атап өткен жөн, дейді.

Айта кетейік, лаңкестік акт 2013 жылы сәуірде Бостондағы жыл сайынғы марафон кезінде болған. Екі жарылыс салдарынан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жарақат алған-ды.  

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ