$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Бас прокуратура педофилдерге кастрация жасауды ұсынды

AstanaTV
11.06.2015ж. 20:00
1294
Бас прокуратура педофилдерге кастрация жасауды ұсынды

Ал педофилдерді химиялық немесе физикалық жағынан ... «піштіру» керек. Бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаев зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған координациялық кеңес барысында осындай ұсыныс білдірді. Құқық қорғаушылар балаларға жыныстық зорлық көрсететіндерге қолданатын жазаны күшейту керектігін бір ауыздан мақұлдады.

Мамандардың пікірінше, педофилдер үшін 5 жыл бас бостандығынан айыру тым жеңіл жаза. Прокурорлардың айтуынша, олардың көбі рақымшылыққа ілігіп, мерзімінен бұрын да босап шығады екен. Сондықтан олардың ерте босатылуына, мерзімінің қысқартылуына мүлдем тыйым салу керек, деп санайды мамандар. Сонымен қатар полицейлер түрмеден шыққан педофилдердің басқан қадамын назардан шығармау керектігі айтылды.

Нұрмаханбет Исаев, ҚР Бас прокуроры орынбасары:

Қылмыстың алдын алуға бағытталған жазаның бір түрі кастрация болуы мүмкін. Ол ерікті немесе мәжбүрлі түрде химиялық не физикалық жолмен жасалуы керек. Жасөспірімдерге қарсы қылмыс деңгейін төмендету мақсатында әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Ресейде, бұл әдіс қолданылады. Координациялық кеңес мүшелерінен аталмыш ұсынысты Ішкі істер министрлігіне, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі мен басқа да уәкілетті органдар қарауына жіберіп, оны жетілдірулеріңізді сұраймын.

Нұрмаханбет Исаевтің мәліметінше, жыл сайын темір тордың ар жағынан жүздеген зорлықшыл қылмыскерлер босап шығады. Ал олардың ескі әдеттеріне баспасына кепіл жоқ. Сондықтан оларды ұзақ мерзімге немесе өмір бойына әкімшілік бақылауға алу керек деген ұсыныс та айтылды. Бас прокурордың орнбасары қазірдің өзінде зорлық-зомбылық жасаған үш мыңнан астам қылмыскер бостандықта тайраңдап жүргенін айтты. Оның 150-ден астамы - педофил.

Айгүл ӘДЕПБАЙ