Таразда
32 жастағы келіншекті велосипедпен қағып
өлтірген адам іздестірілуде. Белгісіз адам әйелге көмек көрсетпестен, оқиға
орнынан ізін суытқан. Соққының қатты болғаны соншалық, зардап шегуші оқиға
орнында ес-түссіз құлаған. Артынша жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, операция
жасалғанымен, науқас ес жимастан бақилық болды. Марқұм келіншектің қолында бір жасар сәбиі болған. Абырой болғанда, нәресте жеңіл жарақат алған.
Руслан
Бәйшенов, №1 Тараз қалалық ауруханасының нейрохирург дәрігері:
Түскен уақытта науқас өте ауыр
жағдайда бас-ми жарақатымен, науқастың басына ота жасалды. Емдік шаралардың
жүргізілуіне қарамастан, 8 маусым күні науқас ауыр жағдаймен қайтыс болды. Есін
жиған жоқ, ес-түссіз түсті. Ауыр ми жарақаты болған. Бас сүйегі сынған. Операция бір-бір жарым сағат
жасалды.
Оқиға 6 маусымда кешкі уақытта Тараздың дәл орталығында болған. Туыстарының
айтуынша, көз жұмған келіншек Таразда іссапарда жүрген күйеуінің артынан
Астанадан бала-шағасымен келген. Қазір
Жамбыл облыстық ІІД осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ал адам қаққан күдікті 16-17 жастағы қыз бала болуы мүмкін деген дерек бар. Соңғы
кезде Тараз қаласында велосипедтерді жалға беретін орындар көбейді. Алайда, қос
дөңгелекті велотранспортқа арналған
қалада бірде-бір арнайы жол жоқ. Күдікті велосипедті қаланың қақ ортасында жалға беретін орындардың бірінен алуы
да мүмкін.
Гүлчехра
Зияутдинова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінің маманы:
1983
жылғы Астана қаласының тұрғынын қағып кету дерегі бойынша ҚР ҚК 114-бабымен «Абайсызда денсаулыққа зиян
келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Велосипед мінген адамды табу үшін, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде.
Күдікті әзірге жоқ. Марқұм әйел орталық алаңға қарай үш баласы және күйеуімен
кетіп бара жатқанда болған. Велосипед кімдікі, жалға алынған ба, жоқ
жеке меншіктегі ме - ол жағы белгісіз.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ