Экстремизм,
терроризмнің дінмен еш байланысы жоқ екендігін түсінетін кез жетті. Әлемдік
және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші Астана съезінің жетістігі сол -
әлемнің саяси қайраткерлері терроризмге діни деген сипаттың танылуы қате деген
байламды бір ауыздан мойындады. Саясаткерлер сондай-ақ астаналық форумның
саяси, әлеуметтік проблемаларды шешу әлеуетіне назар аударып отыр. БҰҰ сынды
үлкен институт әлемде тұрақтылық орнатуда алғаш рет дін қайраткерлерінен көмек
сұрауда. Бесінші съездің қорытынды отырысы туралы әріптесім Азамат Алдоңғаров
тарқатады.
Астаналық
екі күндік рухани форумның жұмысы тәмам. Сан дінбасын жаңа форматта әлемнің
белді саяси қайраткерлерімен Бейбітшілік және келісім сарайында жинаған жиын -
форумның адамзат проблемаларын шешудегі қауқарына күш қосып, әлемдік
қауымдастықтағы беделін бір басқа биіктетті. Халықаралық саяси ұйымдар алғаш
рет дін қайраткерлерінің көмегіне мұқтаж екендіктерін мойындап, «дін
мемлекеттен бөлек» деген қалыптасып қалған қағидаттың тозығы жеткендігі туралы
да, алғаш рет Астанада айтты.
Абд
Аль-Азиз Ан-Наср, БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі:
Әлемнің
жауапты дінбасылары жаһандық тұрақтылыққа қауіп төндеріп отырған идеологиялық
сын-қатерлерге жауап бере алады деп ойламын. Олар адамдарға оң әсер ететін
рухани, жоғары моралдік қасиеттері бар. Оларға осы мүмкіндікті беру керек.
Билікті тыңдамайтын топтардың жүректеріне жол табуды рухани көсемдердің қолына
беруіміз керек. Осы сын-қатерлерді шешудегі дінбасыларының рөлін қайта қарайтын
күн жетті. БҰҰ дін қайраткерлерінің көмегеніне ерекше мұқтаж. Мен бұл қадамның
саясаткерлер үшін нәтижелі боларына сенемін.
Саяси
күштер дінаралық алауыздық пен оның нәтижесінен туындаған қарулы қақтығыстарды
әскер күшімен реттеу мүмкін емес екендіктерін мойындайды. Дін атын бүркенген
түрлі радикалды ұйымдар сапындағы жастарды шынайы дін туралы ақпарат ұсынып, «үйірге»
қайтаруды көздейді. Биылғы съез діни қауымдастықтың назарын әлемнің әлеуметтік
мәселелеріне де аударды.
Абдалла
ІІ, Иордания Королі:
Оман
үндеуі де ислам шариғатының мейірімді болу, өзгеге көмек қолын созу, әлеуметтік
тепе-теңдік, төзімділік, келісім сынды қағиттарына негізделген. Иордания
дағдарыс аймақтарында зардап шегіп жатқан халықтарға көмек көрсетуде әлемді пәтуаласуға шақырады. Ел ішіндегі сан
ұлттың тұтастығын сақтайтын саяси шешімдер, босқындар мен оларды қабылдап
жатқан мемлекеттер әлемдік қауымдастықтың қолдауына мұқтаж.
Астаналық
форумға келген ЕҚЫҰ Бас хатшысы қарама-қайшылықтарды шешуде қазақстандық
дін-саясат қайраткерлері диалогы форматын қолдануды ұсынады. Осы форматтың
нәтижелі боларына сенім білдірген делегаттар форумның қорытынды құжатында әлем
лидерлерін әскери, саяси һәм экономикалық қақтығыстарды доғару туралы үндеуін
қабылдады.
Жан-Луи
Торан, дінаралық диалог жөніндегі папа кеңесінің президенті:
Съезге
қатысушылар саяси қайшылықтарды шешуде күштік әдістерден табанды түрде бас
тартуға, қазіргі заманғы әлемде сенімсіздіктің артуын тоқтатуға, өзара
санкцияларды доғаруға, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақты даму үшін рухани және
саяси қайраткерлер арасында өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін іздестіруге
үндейді. БҰҰ-мен, қауіпсіздік саласында халықаралық ұйымдармен бұдан ары
қарайғы өзара іс-қимылын дамытуға, жастардың білімін жетілдіруге жәрдемдесуге,
БАҚ-дағы дінаралық өшпенділіктің отын жағу үшін пайдалану тәжірибесін тоқтатуға
үндейміз.
Форум
қожайыны, дәстүрлі жиынның авторы Нұрсұлтан Назарбаев бесінші съезді жер
жүзіндегі бейбітшілікке қарай жасалған ауқымды қадам деп бағалады. Кезекті
жиында нәтижелі әрбір қадамды тарих парағына жазып, мұражай жәдігері етуді
ұсынады.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен
осы ғимаратта Бейбітшілік пен келісім мұражайын ұйымдастыруды ұсынамын.
Өздеріңіз де білетіндей, бұл ғимарат 2003 жылғы өткен 1 съездің шешімімен
рухани форумға арнайы салынған болатын. Мен осы мұражайда сан дін өкілдерінің
бір шаңырақ астындағы ғибадатханасы болғанын қалаймын. Бейбітшілік пен келісім
мұражайы съезд жанындағы ғылыми мекеме де болады. Ол діндер мен мәдениеттер
диалогының тарихын зерделейді. Осы ғимаратта айтылған барлық идеяларды
жинақтайды. Сондай-ақ съезд хатшылығына конфессияаралық қарым-қатынастың
орнауына үлес қосқан қайраткерлерге арнайы марапат тағайындау мәселесін
қарастыруды ұсынамын.
Азамат
Алдоңғаров, тілші:
Бесінші
съездің қортынды үндеуінде Назарбаевтың әлемдік саяси лидерлерге тастаған
үндеуі көрініс тапты. Жиынға келген барлық халықаралық саяси, діни, азаматтық
ұйымдар съезд қорытынды құжатының басым бағыттарын өз жұмыстарында негізге
аламыз деп тарқасты. Ал араға үш жыл салып, 2018 жылы, съезд дәл осы құраммен
Астанада қайта жүздесеміз деп сөз байласты.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ