$487.24 €529.34 ₽5.02
×

Шымкентте көк байрағымыз аяқ асты болды

AstanaTV
12.06.2015ж. 20:00
1238
Шымкентте көк байрағымыз аяқ асты болды

Көк байрақтың кезекті рет аяқ асты болғанын айғақтайтын сурет әлеуметтік желілердің басты тақырыбына айналды. Мына суретте қоқыс жинаушылар туды  жерге жайып қойған. Олардың темір жәшіктегі қоқысты көк байраққа төңкергелі  жатқаны анық көрінеді.

Жорамал бойынша, оқиға Шымкент қаласында болған. Ал суретті қала тұрғындарының бірі түсіріп алған. Жүк көлігінің мемлекеттік нөмірі  Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екенін айғақтап тұр. Жұртты шулатқан бейбастақтыққа  орай жергілікті билік шұғыл іске кіріскен. Осылай деп мәлімдеген әкімдіктің ресми өкілі Нұрлыбек Жеңісбек қазір суреттің қай жерде түсірілгені және  жыртылған тудың қайда екені анықталып жатқанын айтты.

Заң бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға екі мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген. Немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіліп, болмаса екі жылға  дейінгі мерзімге  бас бостандығынан айыру қарастырылады.

Нұрлыбек Жеңісбек,  Шымкент қаласы әкімдігі  баспасөз қызметінің  басшысы:

Аталған фотосуреттегі  арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірімен анықталған 844 АН 13 регистрациялық нөмірі  қазіргі таңда  «Бек -Асыл Сервис» ЖШС -не, яғни қоқыс тазалайтын мекемеге, тиесілі  екені анықталды. Біздің тарапымыздан қалалық ішкі істер басқармасына арнайы ұсыныстар берілді. Аталған мәселеге қатысты қазіргі таңда тиісті жұмыстар шұғыл түрде басталып кетті. Нәтижесін біз қосымша  БАҚ арқылы баяндайтын  боламыз.

Қазір ғана келіп түскен мәліметке қарағанда,  көлік жүргізушісі мен екі жұмысшы полицияға жауап беріп жатыр. Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Данияр Мейірхан қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қоқыс таситын көлік айып тұраққа қойылады. Ал жұмысшыларға қатысты қылмыстық іс үш күн ішінде сотқа жолданады.

Айта кетейік, соңғы кездері елімізде осындай әрекеттер көбейіп барады. 2012 жылы Атырау қаласында осыған ұқсас жағдай тіркелген болатын. Ал былтыр жазда Алматыда Мемлекеттік туды кенептің орнына пайдаланған жүк көлігінің жүргізушісі сот алдында жауап берген еді. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ