$487.24 €529.34 ₽5.02
×

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында мал жаппай қырыла бастады

AstanaTV
16.06.2015ж. 20:00
1803
Қарағанды облысының Ұлытау ауданында мал жаппай қырыла бастады

Қарағанды облысының Ұлытау ауданы Қаракеңгір ауылында 139 бас малдың беймәлім дертке шалдыққаны белгілі болды. Аймақтық ветеринария басқармасының ресми дерегіне сүйенсек, айдың басынан бері 13 мал арам өлген. Алайда қаракеңгірлік тұрғындар қағаз бетіне тіркелмеген өлекселердің саны жүзге жуықтайды деп отыр. Үй жануарларының нақты қандай ауру жұқтырғаны әлі белгісіз.

Зина Айтбаева, Ұлытау ауданы Қаракеңгір ауылының тұрғыны:

Ол аурудың қайдан келгенін білмейміз. Ауыздары уылып, су ағып, сүт іріп жатыр. Қырылған мал көп. Қой, сиыр, әсіресе, бұзаулар қырылып жатыр. Ауылдағылар, дәрігерлер көргенмен, қандай диагноз екенін айтқан жоқ.

Тұрғындар бұл жағдай осы айдың басынан бері басталғанын айтады. Мал арасындағы ауру бірінен біріне жұғып, олардың қырылуы жиілеп кеткен. Оған қоса аяқтары ісіп, жүре алмай қалған төрт түлікті ауыл халқы қорада, үй маңында ұстап отыруға мәжбүр. Қазір аталған аумақта залалсыздандыру  шаралары қолға алынған.

Дегенмен, қарағандылық ветеринарлар жуырда киіктердің жаппай қырылуына себеп болған пастереллез ауруынан да күдіктенеді. Тек киіктер жаппай қырылған Қостанай облысы Қарағандының Қаракеңгір ауылынан 150 шақырым қашықтықта. Сондықтан мамандар әзірге аурудың атауы мен себебін дөп басып айта алмауда. Бүгін малдардан қан сараптамасы алынып, Астанадағы ветеринариялық зерттеу орталығына жіберілген. Қорытындысы әзір дайын емес.

Қайырбек Тұрсынбеков, Қарағанды облысы ветеринария басқармасының бастығы:

Су тасқынының әсері болды ма? Жабайы аңдардың миграциясының әсері бар ма? Бұл жағдайдың барлығы ескеріледі. Мақсатымыз - зертхана нәтижесі. Зертхана нәтижесі қандай аурудың қоздырғышын анықтайды, сол арқылы карантин, шектеу секілді тиісті жұмыстар атқарылады.

Айжан ҚУАШ