$487.24 €529.34 ₽5.02
×

«TravelSystem» компаниясынан зардап шеккен туристерге өтемақы жарты жылдан кейін төлене бастауы мүмкін

AstanaTV
16.06.2015ж. 20:00
1714
«TravelSystem» компаниясынан зардап шеккен туристерге өтемақы жарты жылдан кейін төлене бастауы мүмкін

Банкротқа ұшыраған «TravelSystem» компаниясынан зардап шеккен туристерге өтемақы жарты жылдан кейін ғана төлене бастауы мүмкін. Бұл туралы  туристік агенттіктер қауымдастығының өкілі  айтты. Туризм мәселелері талқыланған дөңгелек үстелде сөз алған Денис Кривошеевтің мәліметінше, былтыр банкрот болған «Гүлнар тур» агенттігінен зардап шеккендерге де өтемақы толық төленіп бітпеген. Бүгінде оларға 250 млн теңге ғана төленді. Әлі 350 млн теңгеге жуық сома сот шешімін күтіп жатқан көрінеді.

«Осындай жағдайлардың алдын алу үшін, шетелге қыдырып шығатын отандық туристерді сақтандыру керек»,- дейді Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының өкілі. Ал сала мамандары «оларды сыртқа алып шыққан туристік оператор банкротқа ұшыраса, турагенттік пен сақтандыру компаниялары қыруар шығынға батады» деген пікірде.

Денис Кривошеев, Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының өкілі:

Туристік агенттіктерден жауапкершілікті алып тастау керек. Өйткені олар да туристер секілді зардап шегушілер. Сондықтан біз туристік агенттіктерді сақтандыруды тоқтатып, оның орнына туристерді сақтандыруды ұсынамыз. Медициналық сақтандыру сияқты міндетті бір жүйе шығару керек. Елден шыққандар міндетті сақтандыру жүйесімен сақтандырылса, онда ол туристің ақшасын қайтару оңай болады.

Алайда сақтандыру компаниялары туристерді сақтандыруға құлшынып тұрған жоқ. Олар тіпті туристік агенттіктерді де сақтандырудан бас тартып, лицензияларын қайтарып алып жатыр. Өйткені саяхатпен айналысатын агенттіктердің тәуекелі жоғары, дейді.

Әлібек Жиенбаев, сақтандыру компаниясының басқарушы директоры:

Тиімсіз. Барлық тұрғыдан. Мысалы, сақтандыру сомасы 10 млн теңге болса, премия тарифы осы 10 миллионнан 10 мың теңге болуы мүмкін. Сіз 10 мың теңге төлесеңіз, банкротқа ұшырасаңыз,  мен 10 млн теңге төлеймін.

Дөңгелек үстелге жиналған туристік агенттіктер нарықты реттеуші бірыңғай орган керек деп шешті. Бірақ ол мемлекет болмауы керек. «Ол тұтынушылар кооперативі болуы мүмкін», - дейді қауымдастық өкілдері. 


Айгүл ӘДЕПБАЙ