Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×
Біз біргеміз

Алматы облысында көлік апатынан 8 адам қаза тапты

AstanaTV
24.03.2017ж. 20:00
2531
Алматы облысында көлік апатынан 8 адам қаза тапты

Алматы облысында бір мезетте 8 адамның өмірін қиған көлік апаты болды. Бүгін түнде Құлжа-Көктал-Алматы бағыты бойынша қарама-қарсы келе жатқан екі шетелдік көлік соқтығысып қалған. Алматы облысының ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, «Ниссан Примера» мен «Тойота Виста» көліктері Еңбекшіқазақ ауданына қарасты «Қазақстан» ауылының қасынан өтіп бара жатқан кезде соқтығысқан. 7 адам сол жерде мерт болса, тағы біреуі ауруханаға апара жатқан жолда көз жұмған. Ал ажалдан аман қалған 8 жастағы бала аудан орталығы Есік қаласындағы орталық ауруханада жатыр. Алдын ала болжам бойынша, Тойота көлігінде бір отбасының мүшелері болған. Әйел адам, оның ұлы мен келіні және екі немересі, сондай-ақ тағы бір жиен немересі болған. Соңғысынан басқасының барлығы қаза тапқан. Көлік апатына қарсы бағытқа шығып кеткен «Ниссан» автокөлігінің жүргізушісі себеп болуы мүмкін. 

Айман Мырзекова, Алматы облысы ІІД ресми өкілі:

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 345 баптың 4 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Түрлі сараптамалар тағайындалды. Жол апатының нақты себептері тек содан кейін белгілі болады.

Айта кетейік, Алматы облысында өткен екі айда 266 жол-көлік оқиғасы болған. 54 адам қаза тауып, 400-ге жуық адам жарақат алған.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ