$487.24 €529.34 ₽5.02
×

АҚШ-та сайлауалды жарыс басталып кетті

AstanaTV
16.06.2015ж. 20:00
1049
АҚШ-та  сайлауалды жарыс басталып кетті

Үлкен Джордж Буштың ұлы, кіші Буштың інісі Джеб Буш республикалық партия атынан АҚШ президенттігіне кандидат ретінде тіркелді. Ол өзінің алғашқы сөзін АҚШ-ты жайлаған жүгенсіздік пен Ақ үйдің іс басындағы қожайынының шалыс қадамдарын сынаудан бастады. Президенттік лауазымнан үмітті екендігін Хилари Клинтон да мәлімдеген болатын. Ақ үй басшылығынан өзге де саяси күштердің өкілдері дәмелі. Алайда сарапшылар негізгі тартыс Американың саяси ең белсенді екі әулеті арасында жүретіндігін болжап отыр.

Джеб Буштың кандидат ретінде халықпен алғашқы кездесуін Маямиде өткізуі тегін емес. Ол өз баяндамасында еркін меңгерген испан тілін кеңінен қолданды. Осылайша үміткер демократтарды қош көретін босқындар арасынан жақтастарды көптеп жинауды көздейді, дейді сарапшылар.

Джеб Буш, АҚШ президенттігіне кандидат:

Президенттік лауазым бір либералдың қолынан екінші либералдың қолына көшіп-қонып жүрмеуі тиіс. Біздің елдің қазіргі  бағыты өте нашар. Біз қайда барып тұрақтаймыз? Және мен бұл жағдайды қалай түзете аламын? Міне, осы сұрақтар мені толғандырғандықтан, президенттікке өз кандидатурамды ұсындым. 

Әйгілі Буш әулетінің ұлы сайлауалды бағдарламасының басым бағыты ретінде экономиканы қалпына келтіру мәселелерін көтереді. Мысал үшін, кандидат экономикаға жылына кем дегенде 4 пайыздық өсім серпінін беріп, елде 19 млн жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. Оның сөзінше, АҚШ ешбір держава тең келмейтін алып экономика орталығына айналуы тиіс. Үлкен істі Джеб Буш іс басындағы билікті сынаудан бастады.

Джеб Буш, АҚШ президенттігіне кандидат:

Обама-Клинтон-Керри үштігі жүргізген саясат жүгенсіз дағдарыс, жазасыз қатыгездік, белгісіз жау, қорғансыз достар мен күйреген альянстар беріп отыр. Қазіргі әскеріміз де  қауқарсыз. Біз бұрынғы әскери әлеуетімізді жандандырып, әскерлер мен ардагерлерімізге қамқорлық танытуымыз керек. Мен осы мақсаттарды орындаймын деп уәде етемін.

Буштың сынынан Хиллари Клинтон да құтыла алмады. Клинтон әулетінің қайырымдылық қоры айналасындағы дауға қарамастан, сарапшылар оның мүмкіндіктерін жоғары бағалауда. Нью-Йоркте 5 мың адам алдында сөз сөйлеген кандидат кедей және орта тап өкілдерінің жағдайын жасаймын деп уәде берді.

Хиллари Клинтон, АҚШ президенттігіне кандидат:

Байлықтың барлығы - топ-менеджмент пен инвестициялық қорлардың мандайына біткен бақ емес. Сіздердің жағдайларыңыз жақсармай, Америка ілгері баспайды. Сондықтан мен президенттік таласқа түстім. Бәлкім, мен ең жас кандидат болмаспын, бірақ Американың ең жас әйел президенті атанам.

Хиллари Клинтонның соңғы сөзін жиналғандар ерекше жылы қабылдады. Өзінің жас мөлшерін кандидат басты саяси басымдық ретінде пайдаланып қалуға ниетті. Оның жасы қазір 68-де, ал сарапшылар оған басты қарсылас ретінде атаған Джеб Буш 63-те. АҚШ президенттігін күрделі алгоритм тәртібімен бөліскен қос әулет өкілдері үшін тартыс күтпеген сыйға толы болуы да мүмкін, - дейді сарапшылар. Қалай болғанда да, кезекті саяси науқан сенсацияға толы болғалы тұр. Егер Хиллари Клинтон жеңіске жетсе, Ақ үйді билеген алғашқы әйел, ал Буштың асығы алшысынан түссе - Американы билеген бір әулеттің үшінші ұрпағы атанғалы тұр.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ