$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен және түркітілдес мемлекеттермен ықпалдастықты арттыруы қажет

AstanaTV
18.06.2015ж. 13:00
1255
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен және түркітілдес мемлекеттермен ықпалдастықты арттыруы қажет

Қазақстан алдағы жылдары Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен және түркітілдес мемлекеттермен ықпалдастықты арттыруы қажет. Ал Орта Азия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас әзірге үш бағытта дамуы тиіс. Ол діни экстремизммен күрес, шекарадағы қауіпсіздік, сондай-ақ, су қатынастары мәселелері. Бүгін «Жаһандық трендтегі Орталық Азия» атты халықаралық конференция барысында Қазақстан Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин осындай пікірін білдірді.

Жұрағат Баман, тілші:

Қазіргі әлемдік экономикалық және саяси ахуалда Орта Азияның рөлі қандай? Конференция барысында осы және өзге де геосаяси мәселелер талқыланды. Қытай, АҚШ, Иран, Ресей және тағы бірқатар мемлекеттерден келген халықаралық сарапшылар бүгін ортақ алаңда саяси-экономикалық проблемалар, дағдарыс, діни салада туындап жатқан қауіп-қатерлер, аймақтық қауіпсіздік мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

Жаһандық саясаттағы өзекті мәселелерге қатысты негізгі ұстаным, бұл жан-жақты, көп-жақты диалогты дамыту. Қандай да бір мәселе болсын, экономикалық салада, саяси салада, тағы басқа салаларда Қазақстанның негізгі ұстанатын бағаты бұл осы мәселелер тұрғысында, осы мәселелер төңірегінде мейілінше көп жақтардың қатысуымен толыққанды диалог ұйымдастырып, оны дамытып отыру қажет.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қариннің айтуынша, әлемдік саясаткерлер белгілі бір мәселелер жөнінде өзара келіссөздер жүргізіп жатқан тұста, сарапшылар өзара пікір алмасып отыру қажет.

Жұрағат Баман, тілші:

Сарапшылар түрлі зерттеулер жасау және пікір алмасу арқылы мәселені шешуде, саясаткерлердің күрделі жәйттер төңірегінде белгілі бір ұсыныстар дайындауына жәрдемдесе алады. Бүгінгі конференцияның басты мақсаты да сол деді ұйымдастырушылар.

Жұрағат БАМАН