Қарағанды
облысының Қаракеңгір ауылында малдардың
жаппай қырылу себебі белгілі болды. Астанадағы ұлттық ветеринария орталығы
жасаған сараптама қорытындысы үй жануарларының листериоз және пастереллез
ауруларына шалдыққанын анықтаған. Ветеринарлар ауру малдарға ешқандай вакцина
егілмейтінін айтады. Ұлытау аудандық ветеринария бөлімі өкілінің хабарлауынша,
дерт жұқтырған 236 бас мал түгелдей етке тапсырылмақ. Ал тұрғындарға
өтемақы төленеді.
Қазір ауылда жағдай тұрақтала бастаған. Жаңадан ауырған мал
жоқ. Алайда мамандар листериоз бен пастереллез дерті әлі де көбеюі мүмкін деп қауіптеніп отыр. Сиырлар мен бұзаулардың
дертті қайдан, қалай жұқтырғаны белгісіз. Себебін мамандар әлі анықтай алмай
жатыр.
Еске салсақ, маусымның басынан бері Қарағандыдан 800 шақырымдай
қашықтықтағы Ұлытау ауданы Қаракеңгір ауылында 236 бас мал белгісіз дертке
шалдығып, 21-інің арам өлгенін
хабарлаған болатынбыз. Тұрғындар, олардың ауыздары уылып, аяқтары ісініп, жүре
алмай қалғанын, айтқан еді.
Өмірсерік Рүстемов, Ұлытау аудандық
ветеринария бөлімінің бастығы:
Листериоз
бен пастереллезге - осы екі ауруға қорытынды берді. Енді шектеу қойылды. Етке
өткізу керек деп жатыр. 50 пайызын ет алған адам, 50 пайызын бюджет төлейді.
Айжан ҚУАШ