Ақтауда
полиция қызметкеріне қатысты тергеу басталды. Тәртіп сақшысы жол ережесін
өрескел бұзған той кортежіне ешқандай шара қолданбаған. Бұл туралы біздің арна
тілшілеріне облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері
хабарлады.
Таяуда ғаламтор желісінде көліктің
бейнебақылау камерасына түсіп қалған жазба жарияланған. Онда той
серуенінде жүрген жол талғамайтын бірнеше қымбат көліктің екі жолақты
сызықты басып, жол қозғалысын өрескел бұзғаны анық көрінеді. Алайда сол маңда
кезекшілікте тұрған жол сақшысы көрмеген сыңай танытып, шара қолданбаған. Бейнетүсірілім «Автомобильді
Ақтау» ұйымына жіберілген. Осыдан соң
құқық қорғаушылар той кортежіндегі барлық көліктердің иесін анықтап, шара
қолданған.
Әлия
Шермағамбетова,
Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
ҚР
Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 601-ші бабының 1-бөлімі бойынша хаттамалар толтырылды. Барлығына шара көрілді. Қазіргі таңда сол жерде болған
жол патрульдік полициясы қызметкеріне тексеру жүргізіліп жатыр.
Айта
кетейік, Ақтауда осыған ұқсас жағдай бұрын да болған. Жол патрульдік полицейлері
осыдан бір жыл бұрын қызметтік көліктерімен той кортежін алып жүрген жазба
ғаламторды жаулады. Жол жөнекей ережені
бұзған той көліктерін өзге сақшылар тоқтатпақ болғанда, той көліктерін алып
жүрген полицей дөрекілік көрсетіп, кедергі жасамауды бұйырған. Осы жағдайдан
соң, Маңғыстау облыстық ішкі істер
департаменті қызметтік тексеру жүргізді. Кортежді алып жүрген полицей жұмыстан
босатылған еді.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ