$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Атырау қаласының экс-әкімі мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

AstanaTV
19.06.2015ж. 20:00
1410
Атырау қаласының экс-әкімі мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

Атыраудың экс-әкімі Асқар Керімов мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Ол абақтыдан «жақсы тәртібі үшін» босағанын арнамыздың тілшілеріне телефон арқылы хабарлады.

Асқар Керімов:

Уақытынан бұрын, 3 ай бұрын «түзелді, дұрыс жолға түсті» деп, тергеу изоляторының әкімшілігімен жіберіп отыр. Сотқа да, барлығына, шыны керек, ризамын. Ешқандай талап-тілегім жоқ. Мүмкін, алдағы уақытта қарастырамын ба, уақыт көрсетеді. Жалпы болашаққа деген жоспар құрып үлгерген жоқпын. Өмір көрсетеді, басқа түскен нәрсені көтереміз де. Негізі болашағымды мемлекеттік қызметпен байланыстырып тұрғаным жоқ.

Асқар Керімов «ұйымдасқан қылмыстық топқа мүше болды», «коммуналдық меншік нысандарын заңсыз жекешелендіруге қатысты», «мемлекетке шығын келтірді» деген айыптармен 2012 жылдың күзінде қамалған еді. Прокурорлар шенеунікті 14 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда Асқар Керімовтен сот «ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі» деген айыпты алып тастады. Жекешелендіруге тікелей араласпаса да, кейбір құжаттарға қол қойғанын ескеріп, жанама түрде қатысы бар және мемлекетке шығын келтірді деп тапты. Сөйтіп, былтыр қараша айында 3 жылға бас бостандығынан айырды. Жалпы, екі жыл 9 ай уақытын қамауда өткізген экс-әкім түзеу колониясының мінездемесімен босатылды.

Айта кетейік, өткен жылдың қарашасында сот облыстың экс-әкімі Бергей Рысқалиевтың сыбайластарына да жаза тағайындаған. 22 күдіктінің 15-і бас бостандығынан айырылды. Ең ауыр жазаны әкімнің қос орынбасары Болат Дәукенов пен Асқар Әбдіров арқалап, 15 және 12 жылға сотталған.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ