Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев пен Білім және ғылым
министрінің сотта кездесетін сәті алыс емес сияқты. Ішкі істер министрлігі
халық қалаулысының Аслан Сәрінжіповтің үстінен жазған арызы бойынша сотқа
дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.
Бұл туралы министрліктің
мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев арнамызға
берген сұхбатында хабарлады. Депутаттың арызы Қылмыстық кодекстің 376-бабы
бойынша тіркелген.
Алмас Садубаев, ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат
департаментінің директоры:
Қылмыстық әрекеттер туралы өтініштер мен хабарламаларды қабылдау және
тіркеу тәртібі бар. Осы тәртіпке сай депутат Азат Перуашевтің өтініші алтынша
маусым күні тіркелді. Қазіргі уақытта ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі
тергеу амалдарын жүргізуде.
Естеріңізге сала кетсек, Парламент депутаты Азат Перуашев пен "бас
ұстаздың" арасындағы кикілжің мамыр айының соңында мәжіліс қабырғасынан
басталды. Биылдан бастап жоғары оқу орындарын аттестациялаудан өткізу тоқтатылып,
оның орнына тәуелсіз аккредитациялау енгізілуі тиіс болатын. Бірақ Сәрінжіпов
басқаратын министрлік мұны дер кезінде орындай алмай, заңға өзгеріс енгізуді
сұрады. Осыны сынға алған Азат Перуашев "заңды өзгерткенше, министрді
отставкаға жіберу керек" деп салған. Алайда Аслан Сәрінжіпов жауабын көп
күттірген жоқ. Депутатты жоғарғы оқу орындарының шашбауын көтеріп отыр деп
айыптады.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі (27.05.2015 ж.):
Бүгінгі Перуашев мырзаның айтылған сөздері, меніңше, жекеменшік шағын
университеттермен байланысты, оларды қорғау үшін айтылды. Өйткені бізде әлі де
сапасыз білім беретін жоғарғы оқу орындары, университеттер бар. Бірақ олармен
күресу жұмысын жалғастырамыз.
Бұл сөздерге шыдамай кеткен Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының жетекшісі министрдің айыптарынан Қылмыстық кодекстің кейбір баптарында қарастырылған белгілерді
тауып, Бас прокуратураға арыз түсірді.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі (10.06.2015ж.):
Сәрінжіпов мырза маған немесе
прокуратураға, кім қашан маған менің көзқарасым үшін пара берген. Мысалы, ол
айтты ғой, жеке меншік ЖОО деп. Сол ЖОО арасынан қайсысы маған ықпал еткен?
Қайсысы маған келген немесе қоңырау соққан? Немесе басқа біреу арқылы мені осы
көзқарасына итерген екен. Соны маған көрсетсін.
Дегенмен депутат Перуашев министрді кешіруге де әзір. Ол: «Егер Аслан Сәрінжіпов ресми түрде кешірім сұраса,
арызымды қайтарып алуға дайынмын», - деп отыр.
Айгүл ӘДЕПБАЙ