$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Сарапшылар: Ресей дағдарыстан 2016 жылы ғана шығады

AstanaTV
19.06.2015ж. 20:00
1046
Сарапшылар: Ресей дағдарыстан 2016 жылы ғана шығады

Дағдарысты бастан кешіріп отырған Ресей экономикасы бұл тығырықтан 2016 жылы ғана шығуы мүмкін. Елдегі алдыңғы қатарлы қаржыгерлер мұны ашық мойындап отыр. «Ресей жинақ банкінің» басшысы тіпті ел экономикасындағы өсім нөлге түседі деген болжам жасады. Ал, елдің экс-қаржы министрі Алексей Кудрин жалақы көлемі 10%-ға, нақты табыс 4%-ға қысқаратынын айтуда. 

Жарым жалақы, жоғары инфляция, төмен экономикалық өсім. Осындай көңіл көншітпейтін болжамдарды Ресейдің бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин Петербор халықаралық экономикалық форумында жариялады. Ол: «Ресей экономикасы дағдарысты осы қазір бастан кешіп жатыр. Одан алдағы бірнеше жыл ішінде шығуы да екіталай», - деді. Сондай-ақ, Кудрин ресейлік жұмыс берушілердің «күзге қарай жағдай оңалады» деген үміті ақталмайды, деп болжады. Керісінше, күзде кәсіпорындар жұмыскерлерін жаппай қысқартады деген ойда. 

Алексей Кудрин, Ресейдің бұрынғы қаржы министрі:

«Бұрын экономика мұнайға негізделсе, қазір дисбаланс, диспропорцияға келіп тірелдік. Бұл проблеманы шешуіміз керек. Жаңа модельге көшпесек, онда дамудың орташа деңгейі 1,5% шамасында ғана болады. Қазірдің өзінде солай. 2012 жылдан 2018 жылға дейін Владимир Путин президент болып тұрған кезде, орташа даму қарқыны жылына 1,4% болады деп болжануда. Бұл 2020 жылға дейін Ресейдің әлемдік экономикадағы үлесі 2,7% құрайды деген сөз. Ресейдің жаңа тарихи дәуірінде бұл ең төмен көрсеткіш. Тіпті 1998 жылғы көрсеткіштеріміз бұдан жоғары болатын».


Федерацияның нақты сектордағы жағдайы туралы «Ресей жинақ банкінің» басшысы Герман Греф те айтты. «Елдегі дағдарыс төрт факторға негізделген. Нақтырақ айтсақ: Жалпы ішкі өнімнің төмендеуі, инфляция, девальвация және жалақының қысқаруы. Құлдырау әлі біраз уақыт жалғасады», - дейді Греф. 


Герман Греф, «Ресей жинақ банкі» ААҚ президенті, басқарма төрағасы:

Біздің пайымдауымызша, нақты сектор жыл соңына дейін сұраныстың төмендегенін, девальвация мен сыртқы тыйымдарды сезінеді. Тіпті дағдарысты келесі жылдың алғашқы тоқсанында байқауымыз мүмкін. Биыл терең рецессия орнаса, келер жылы стагнация жайында айтуға болатын сияқты. Бірақ даму байқалмайтыны анық. Мен әзірге өсім боларлықтай негіз көріп тұрған жоқпын.

Ал Ресейдің экономикалық даму министрі Алексей Улюкаев пен қаржы министрі Антон Силуанов болса, экономика осы жылы оңалады деп есептейді. Силуанов, Ресей экономикасы 2015 жылдың соңы мен 2016 жылдың басында сапалы дамуды бастайды, деген болжам жасады. Бірақ қалай болғанда да, көптеген сарапшылар жұмыс берушілердің күзге қарай дағдарыстан шығамыз деген жоспарының жүзеге аспайтынын мойындап отыр. Сондай-ақ олар, мұнай экспортына тәуелді елдердің барлығы, санкцияларға байланбаса да, дәл осындай жағдайдан қашып құтылмайды деген пікірде.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА