$519.51 €611.83 ₽6.6
×

ХV жазғы Паралимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Габидуллинаның ақшасы мен алтындарын алып кеткен ұрылар ұсталды

AstanaTV
09.08.2017ж. 20:00
2780
ХV жазғы Паралимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Габидуллинаның ақшасы мен алтындарын алып кеткен ұрылар ұсталды

Чемпионның үйін тонаған ұрылар ұсталды. 15-ші жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы тараздық Зульфия Габидуллинаның ақшасы мен алтындарын қолды еткендердің бірі Шымкентте қолға түскен. Ұрылар үптеп кеткен зергерлік бұйымдар мен түрлі валютадағы қаржы 1 жарым миллион теңгені құраған. Медальдардың барлығы орнында. Ал чемпионның ашуын тудырған не? Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Бұл - Рио төрінде еркін жүзуден әлем рекордын жаңатыртып, ел тарихында тұңғыш рет  Паралимпиада чемпионы атанған Зульфия Габидуллина. Сол жеңісі үшін  спортшыға су жаңа сәулетті баспана берілген болатын. Алайда, 3 ай бұрын қонысына ұры түсті. Бүгінге дейін әлемнің 22 елінде жалауымызды желбіретіп келген спортшы, мұндай сұмдықты бірінші рет көруім, дейді. Ұрылардың жымысқы әрекеті жүрегіне жара салған, көзіне жас алды.

Зульфия Габидуллина,  ХV жазғы Паралимпиада ойындарының чемпионы:

Бұл өте жайсыз жағдай болды. Әсіресе 18 жастағы қызым үшін қатты қорықтым. Өйткені ол шок алып қалды. 1 апта бойы үйге кіре алмай жүрдік. Сосын қызыма есімізді жиялық дедім. Мен позитивті көңіл-күйде жүргенді жақсы көретіндіктен, бұл жайында айтқым да келмеп еді. Әжемнің "өскенде қызыңа бересің" деген отбасылық сақинаны ұрлағаны өзегімді өртейді. Қолды болған заттардан тек Жамбыл облысы әкімінің сыйға тартқан сағатын ғана кері алдым.

Зульфия аяқ астында айырылып қалған ақша үшін емес, әжесінен қалған алтын алқалар үшін жылайды. Естелік зат қайтарылса, қуанар едім дейді. Қазір ол бос уақыты болса, ауласындағы итін еркелетеді. Өйткені ұрыларға жүгірген неміс овчаркасы сол оқиғадан кейін адам көрсе үркетінді шығарған.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Жымысқы қолдар чемпионның жаттығуға кеткенін жедел пайдалана білген. Олар кешкі сағат 9-дар шамасында мына қоршаудың аласа жерінен аула ішінен секіріп түседі. Артынша абалаған иттің тілін тауып, терезені сындырып, үйге оңай кірген. Содан бері ештеңе өзермеген. Тек барлық бөлмелердің терезелері темір торлармен қапталғаны болмаса.

Темір торлардан бөлек, чемпионның үйінің бұрыш-бұрышында бейнебақылау орнатылып, күзет қашықтықтан қарауылдайды.  Ал, «шақырусыз келген қонақтардың» бірі Шымкентте қолға түсті. Оны ұстауға 3 айдан аса уақыт кеткен. Ол бұрын 6 жыл түрмеде отырып шыққан 34 жастағы жігіт Шымкент тұрғыны.

Тельман Исабек, Тараз қаласы ІІБ криминалды полиция бөлімінің жедел уәкілі:

Құрықталу барысында ол азамттан бірнеше айғақ зат ретінде алтын бұйымдар, әшекейлер алынды.  Көп бұйымдар  29-30, кейбірінің екінші сыңарлары жоқ. Нақты кеткен заттарды толық есептегенде,  1 млн 350 мың теңге. Қылмыстық кодексе сай,  бұлар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін, ҚР ҚК 188 бабы 3 бөлімімен.

Енді екі сыбайласы іздестіріліп жатыр. Болжам бойынша қарақшылар Алматыда жасырынып жүргенге ұқсайды. Ал ұрылар жәй адамдар емес, барлығы түрлі төбелес түрлеріне қатысқан спорт шеберлері екен.