Қазақстанда
кәсіпкерлерді қолдайтын арнайы омбудсмен институты жұмыс істегені жөн. Ұлттық
кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің пікірі осыған саяды. Президент жариялаған
Қазақстан дамуының 100 қадамы бағдарламасы аясында аталған институтты енгізу
бастамасы көтерілген болатын. Ол мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы
қарым-қатынасты реттеуге ат салысады. Институт әсіресе, орта және шағын
кәсіпкерлікті дамытуда туындайтын проблемалардың шешу жолын тікелей мемлекет
басшысына баяндап, шаралар қабылдауға арағайындық жасауы тиіс. Мұндай жүйе
әлемнің дамыған және дамушы елдерінің көбінде сәтті жұмыс істеп жатыр. Ал
біздің елде Президенттің бизнестік құрылымдардағы тікелей өкілін тағайындау
бастамасын кәсіпкерлер де, мемлекеттік құрылымдар да қолдап отыр.
Юрий
Төлемұратов, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы:
Бизнес
-омбудсмен қызметіне барлық бизнестік құрылымдар зәру. Бәрінен бұрын шағын және
орта кәсіпкерлік Президенттің тікелей қолдауына мұқтаж болғанда, осы арнайы
институт көмекке келеді деген сенімдеміз. Ірі кәсіпорындардың өз қолдаушылары
бар, ал бизнесті төменнен бастағандарға мемлекеттің қолдауы қажет. Сондықтан
осы олқылықтың орнын жаңадан құрылатын өкілдік қолдауы тиіс.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ