$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды

AstanaTV
22.06.2015ж. 20:00
1545
Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды! Бүгін Женевада өткен жұмыс тобының ақтық жиынында 19 жылға созылған келіссөздерге нүкте қойылды. Осы орайда, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жариялады. Мемлекет басшысы: "Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады", - деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде сауда-саттығымыздың 90 проценті Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер ашылады. Біз бұл нәтижеге жету үшін 19 жыл табанды түрде жұмыс жүргіздік, келіссөздер оңай болған жоқ. Осы жылдары біздің үкімет және сарапшыларымыз, елімізге тиімді шарттарға қол жеткізу үшін, талмай еңбек етті. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын ұштастыра алдық. Бұл ретте ұлттық мүдделерімізді де қорғай білдік.

Дүниежүзілік сауда ұйымы - сауда ережелерін реттейтін халықаралық экономикалық ұйым. Ол 1995 жылдан бері жұмыс істейді. Қазақстанмен арадағы келіссөздердің созылуына ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға қатысты шарттар себеп болған. Сондай-ақ, соңғы жылдары Халықаралық ұйым шарттарын Кедендік одақ талаптарымен сәйкестендіру бойынша жұмыстар атқарылған. Осылайша, Қазақстан ресми түрде желтоқсан айынан бастап ДСҰ-ның 162-ші мүшесі атанады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз жаһандық нарық шарттарына сай болу үшін, үлкен дайындықтан өттік. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасадық. Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістікте шыңдалдық. Алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек. Себебі шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз, тауар Қазақстанға көптеп келетін болады. Сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным: бәсекеге сай болу керек.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ