$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Алматыда жол ортасында жанжалдасқан екі көлік жүргізушісі ұсталды

AstanaTV
22.06.2015ж. 20:00
986
Алматыда жол ортасында жанжалдасқан екі көлік жүргізушісі ұсталды

Алматыда жолды бөлісе алмай, тапа-тал түсте төбелескен екі жүргізуші анықталып, ізінше ұсталды. Бұл туралы бүгін қалалық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек мәлімдеді. Оның айтуынша, көлік тізгіндеген екеу жолға таласқан.

Оқыс оқиға маусымның 20-сы күні кешкі сағат алты шамасында болғанға ұқсайды. Райымбек және Саин көшелерінің қиылысына келгенде, 22 жастағы Жамбыл облысының азаматы көліктен шыға сала, 24 жастағы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасын буындыра жөнелген. Одан кейін екеуі де көлікке отырып, жөндерімен кеткен. Олардың бұл қарекетін көшеде кетіп бара жатқан бейтаныс адамдар камераға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Алайда, аталған дерек бойынша ешкім полицияға арызданбапты. Бірақ тәртіп сақшылары ғаламторда тараған бейнетүсірілім арқылы қоғамдық ортада тәртіп бұзған бұзақыларды қолға түсірді.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қазіргі таңда бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының тармақтары бойынша сот алды өндіріс қозғалды. Жәбірленушілердің осы жанжалға қатысушы тұлғалардың ешқайсысы 102 телефонына хабарламаған. Қазіргі таңда мәлім болғандай, жәбірленуші өзіне дене жарақаттарын келтірген азаматқа қатысты арыз жазудан бас тартып отыр. Дегенмен, заңама бойынша  заң алдында жауап беретін болады. Себебі тапа - тал түсте қоғамдық ортада  заңға қайшы әрекет жасаудың өзі қылмыс болып табылады.

Айгүл ЕРМАХАН