$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Тараздағы өртеніп кеткен тоғыз қабатты әкімшілік ғимаратқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
22.06.2015ж. 20:00
1184
Тараздағы өртеніп кеткен тоғыз қабатты әкімшілік ғимаратқа қатысты  қылмыстық іс қозғалды

Тараздағы әкімшілік ғимаратта болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бұл жайында облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы айтты. Дегенмен, қызыл жалынның шығуына не себеп болғаны әлі белгісіз.

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облысы ІІД баспасөз хатшысы:

Қазіргі уақытта, өрттің шығу себептерін анықтау үшін, «өрт техникалық» сараптамасы тағайындалды. ҚР ҚК 204-бабы 2-ші бөлімімен «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою» немесе «бүлдіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Еске салайық, өткен жұмада Таразда мемлекеттік мекемелер шоғырланған Жамбыл облыстық Қаржы басқармасының ғимараты жанып кеткен болатын. Төтенше оқиға тараздықтарды тегіс шошытты. Тілсіз жаудан 8 адам зардап шекті: негізінен денелерін күйік шалғандар және қол-аяқтары сынғандар. Өйткені өрт сөндірушілер жеткенше, іштегілер адамдарды 3-ші қабаттан сыртқа лақтырған. Алдын ала ақпарат бойынша, өрт екінші қабаттағы ауабаптағыш қондырғы сымдарының тұйықталуынан болған деген болжам бар. Ғимарат иесі - облыстық қаржы басқармасы басшыларының айтуынша, өрттің белең алуына нысанның сыртындағы алюкобонд қаптамалары себеп болған.

Айта кетейік, аталған қаптамаларға 2010 жылы құрылыста қолдануға тиым салынған.

Сәкен Асатов, Жамбыл облысы қаржы басқармасы басшысының орынбасары:

Алюкобонд бұл ғимаратқа 2005 жылы құрылыс жұмыстары кезінде жапсырылған. Ал 2010 жылдан бері қолдануға тиым салынған. Біз бастапқыда бұл нысанды Тараз Мемлекеттік университетінен алған кезде сол «алюкобондпен» қапталған күйінде алдық. Әсіресе 2, 8, 9 қабаттар қатты зардап шеккен. Қазіргі қалпына келтіру жұмыстарын сәрсенбі күні аяқтаймыз. Әлі бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Кәсіпкерлер көмегімен жүргізіп жатырмыз. Мекемелер ешқайда көшірілген жоқ. Көрші кабинеттерде жұмыс істеуде.

Ғимаратта облыс әкімдігіне қарасты 18 мекеме шоғырланған. Олардың тоғызы әр түрлі басқармалар. Сондай-ақ, ғимаратта  газет редакциялары мен ең үлкен студенттік емхана орналасқан.

Данияр ӘЛІМҚҰЛОВ