$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Елімізде «Өрлеу» жобасы қолға алынды

AstanaTV
22.06.2015ж. 20:00
1533
Елімізде «Өрлеу» жобасы қолға алынды

Экономикасы тұрақты, дамыған елдердің бірі болу үшін, мемлекетте «кедей» ұғымы толығымен жойылуы тиіс. Бұл жайында Президент өзі нақтылап берген «Қазақстан дамуының 100 қадамы» бағдарламасында да тоқталған еді. Онда мемлекет өмір сүру деңгейін арттыруға мүдделі екені, сондай-ақ әлеуметтік көмек нақты мұқтаж жандарға көрсетілу қажеттілігі көзделген. Осы мақсатта ел аумағында «Өрлеу» жобасы қолға алынды. 

Жалғызбасты ана Ақмарал Жылқайдарова "көптің көмегімен күн көруге мәжбүр". Қан қысымы жоғары. "Кез-келген жұмысты мойныма жүктеуге денсаулығым жарамайды", - деп отыр. Азын-аулақ табыс үшін, көрші-көлемге қолқабыс етіп жүр. Тапқан тиын-тебені мен кәмілетке толмаған қос бүлдіршініне алатын мемлекеттік төлемақы ең төменгі күнкөріс мөлшеріне де жетпейді.

Ақмарал Жылқайдарова:

Негізгі азығымыз - нан мен су. Бір мезгіл ет алуға да мүмкіндік жоқ. Қазір жұмыссыз отырмын. Тіпті қайдан аларымды да білмеймін. Көршілерім көмектеседі.

Үкімет қолға алған «Өрлеу» жобасы Ақмарал Жылқайдарова сияқты жандарға айтарлықтай көмек болмақ. Мемлекет отбасының соңғы 3 айдағы орташа кірісі мен азық-түлік себетінің бүгінгі құны арасындағы айырмашылықты төлемақы ретінде тағайындамақ. Ал ол сома әрбір отбасы мүшесіне тиесілі.

Бағила Балғабаева, «Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» ММ бөлім меңгерушісі:

Бағдарламаның бірінші талабы - отбасының кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан аспауы керек. Екінші тоқсанда бұл 10 330 теңгені құрады. Екінші талап арызданушылар жұмыс істеуден бас тартпауы тиіс. Осы мақсатта жұмыспен қамту орталығымен келісімшартқа қол қояды.

Бұл уақытша ғана көмек. Аталмыш келісімге сай, жұмыспен қамту орталығы арызданған жанды жұмыспен қамтамасыз етеді. Содан кейін ғана қосымша төлемақы алуға мүмкіндік туады. Яғни мемлекеттің қалтасына қарап қана қалмай, тұрмысын жақсартуға өзі де еңбек етуі қажет.

Мансұр Есқожин, тілші:

«Өрлеу» бағдарламасы арқылы қосымша көмекақы алуға ниетті азаматтардың құжаттары 1 шілдеден бастап қабылданады. Отбасы құрамы туралы ақпарат пен жанұяның соңғы 3 ай ішіндегі табысы ескеріледі. Сонан соң шілде ішінде толық тізім жасалып, жергілікті бюджеттен қажетті көлемде қаражат бөлінуі тиіс.

Мансұр ЕСҚОЖИН