$485.04 €525.98 ₽5.04
×

«Астана Арландары» чемпион атағын иеленді

AstanaTV
22.06.2015ж. 20:00
1276
«Астана Арландары» чемпион атағын иеленді

«Астана Арландары» кәсіпқой бокс клубы бүкіләлемдік бокс сериясының екі дүркін жеңімпазы атанды. Ақтық сында «Куба Домадорес» командасымен сынға түскен Марат Жәкиевтің шәкірттері 6-4 есебімен жеңіске жетті. Тақырыпты Самат Қанағатов тарқатады.

Бүкіләлемдік бокс сериясында сынға түсіп жатқан «Астана Арландары» клубы ел сенімін ақтады. Соңғы үш жыл ішінде қазақстандық ұжым екі мәрте турнир жеңімпазы атанды. 2013 жылы «Украина Атамандарын» қапы қалдырған еліміздің былғары қолғап шеберлері бұл жолы Бостандық аралынан келген спортшылардың сағын сындырды. Жарыс екі күнге созылды. Бірінші күні рингке шыққан Теміртас Жүсіпов қарсыласын айқын басымдықпен жеңсе, Самат Башенов тартысты жекпе-жекте Ясниер Толедо Лопестің жігерін құм қылды.

Самат Башенов, «Astana Arlans» клубының капитаны:

Өте қиын болды. Қарсыласым жақсы дайындалып келді. Бапкердің айтқанын істедім. Алла шүкір, жеңіске жеттім.

Келесі жекпе-жекте Мейірім Нұрсұлтанов Арлен Лепесті 3-0 есебімен ойсыратса, қапталдағы төрешілер Василий Левиттің жеңісін қарсыласы Эрисланди Савонға бере салды.

Василий Левит, «Astana Arlans» клубының спортшысы:

Бапкерімнің жоспарын іске асырдым. Бірақ төреші қарсыласымның қолын көтерді. Дегенмен, жасымай жаттығуымды жалғастырамын. Әлі де аянбай тер төгуім қажет.

Жарыстың екінші күні рингке шыққан Олжас Сәттібаев, Асланбек Шымбергенов және Иван Дычко қарсыластарын сан соқтырып кетті. Қорытынды есеп - 6-4, «Астана Арландары» командасы чемпион атанды. 

Серік Сәпиев, «Astana Arlans» клубының бас менеджері:

Мен өзімді бақытты санаймын. Олимпиада ойындары кезінде спортшы ретінде чемпион болсам, ал енді басшы қызметінде алғашқы жетістігіме қол жеткіздім. Шынымды айтсам, олимпиада ойындары кезіндегі қуанышты қайта сезініп тұрмын.

Сонымен, соңғы 5 жыл ішінде «Астана Арландары» командасы екі мәрте жеңімпаз атанып, ел абыройын асқақтатты.

Самат ҚАНАҒАТОВ