$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Грузия билігі Тбилисидегі су тасқынынан келген шығын мөлшерін есептеуге кірісті

AstanaTV
23.06.2015ж. 10:00
1172
  Грузия билігі Тбилисидегі су тасқынынан келген шығын мөлшерін есептеуге кірісті

Грузия билігі Тбилисидегі су тасқынынан келген шығын мөлшерін есептеуге кірісті. Бұл туралы елдегі Босқындар ісі бойынша министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді. Еске салсақ, табиғи апат 14 маусымда толассыз жауған нөсердің салдарынан туындады. Көптеген тұрғын үйлер мен ғимараттар су аcтында қалды. Нөсер жаңбыр хайуанаттар бағын да шайып әкеткен еді. Қаланың инфрақұрылымына айтарлықтай зақым келді. Жуырда Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили су тасқынынан келген шығын мөлшері 100 миллион лариге, яғни 45 миллион долларға дейін жетуі мүмкін екенін айтқан болатын. Қазір Грузия үкіметі зардап шеккен отбасылардың тізімін жасады. Олардың әрбірінің әлеуметтік-экономикалық ахуалын есептеп, қажеттіліктерін санауда. «Спутник» агенттігінің дерегінше, аталмыш базаны зерттеу арқылы билік нақты шығын мөлшерін анықтап, тиесілі шараларға көше алады. Айта кетейік, соңғы деректер бойынша табиғи апаттан 19 адам қайтыс болып, 110 отбасы зардап шекті.

Жұрағат БАМАН