$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Футболдан Бразилия құрамасы Америка кубогының ширек финалына шықты

AstanaTV
23.06.2015ж. 13:00
1171
Футболдан Бразилия құрамасы Америка кубогының ширек финалына шықты

Футболдан Бразилия құрамасы Америка кубогының ширек финалына шықты. Топтық кезеңнің соңғы турында Венесуэла командасымен сынға түскен Дунганың шәкірттері 2-1 есебімен басым түсті. Бұл ойындағы алғашқы голды пентакампьондар сапында Тьяго Силва соқты. Бұл голдан кейін шабыттанған Бразилия құрамасы үзілістен кейін есепті еселеді. Бұл жолы әріптесінің пасынан кейін мергендігімен танылған Роберто Фирмино командаластарының қошеметіне бөленді. Қарымта шабуылға шыққан Венесуэла футболшылары кездесу аяғына қарай есепті қысқартты. Айып алаңынан орындалған соққыны қақпашы қайтарғанымен допқа бірінші жеткен Федордың қанжығасы майланды. Қалған уақытта қорғанысы сыр бермеген Дунганың шәкірттері жеңіс есебін ұстап қылды. Ширек финалда Бразилия құрамасы-Парагвай командасымен сынға түседі.

Ұлыбританияның Бирмингем қаласында теннистен халықаралық турнир аяқталды. Дәрежелі жарыста сауатты ойнымен көзге түскен Германия спортшысы Анжелика Кербер жарыс жеңімпазы атанды.  Финалда Кербер-Чехия теннисшісі Каролина Плишкованы айналып өтті. Тартысты өткен бірінші сетте Кербер қарсыласына тай-брейкте ұтылып қалды. Үзілістен кейін тез жиналған Германия спортшысы ұпай санын түгендеді. Өз кезегінде жиі қателесіп, қарсыласының қарқынына төтеп бере алмаған Каролина Плишкова 6-3 есебімен есе жіберді. Үшінші сетте де алған бетінен қайтпаған Кербер бірқалыпты өнер көрсетті. Чехия спортшысы тай-брейкке дейін жеткенімен жауапты сәтте болмашы қателіктер жіберіп, ойын тізгінін қарсыласына беріп алды. Мұндай мүмкіндікті мүлт жібермейтін Анжелика Кербер турнир жеңімпаз атанды.

Самат ҚАНАҒАТОВ