$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Березов ауылы қашан көшіріледі?

AstanaTV
24.06.2015ж. 20:00
1250
Березов ауылы қашан көшіріледі?

Батыс Қазақстан облысындағы Березов ауылы тұрғындары 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін толықтай көшірілетін болды. Бұл жайында бүгін жергілікті атқамінерлердің тұрғындармен өткізген жиынында Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиев мәлімдеді.

Аудан әкімінің сөзінше, ауылды көшіру кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Березов тұрғындары Аралтал, Бөрлі ауылдары мен Ақсай қаласына көшірілуі мүмкін деп отыр. Бұл іске арнайы комиссия жұмылдырылмақ. Оның құрамына Березов ауылының тұрғындары да кірмек. Комиссия мүшелері үйлерді аралап, алдымен тұрғындардың тұрмыс жағдайын тексереді. Осыдан кейін ауылдықтардың дүние-мүлкін тәуелсіз компания бағалайды. 

Марат Түсіпқалиев, БҚО Бөрлі ауданының әкімі:

Жақын арада ел үкіметінің Березов ауылын көшіру туралы қаулы қабылдауын күтіп отырмыз. Яғни 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін біздер ауылдың тұрғындарын көшіруіміз керек.

Жиында сөз алған тұрғындар болса, балаларының жағдайы күн санап нашарлап бара жатқандарын айтты. Сондықтан оларды уақыт өткізбей емдету керек, - дейді ауыл халқы. 

4 жастағы немеремнің басы ауырады, құртақандай қыз. Ал доғдырларға айтсақ, доғдырлар айтады, өсіп келе жатыр, сосын ауырады дейді. Сондай сөз бола ма? Қайда көшеміз? Алысырақ. Мен, мысалы, Оралға барғым келеді. Оралға, Оралдың қасына. Қай жерде ауа таза, сол жаққа барамыз.

Еске салайық, өткен жылдың 28 қарашасында Березов орта мектебінде 20 шақты оқушы естен танып құлады. Содан бері уланғандар қатары күн санап артумен келеді. Ауыл тұрғындары бұл жағдайға іргедегі Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг компаниясын кінәлады. Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы да сол күні кеніште газ шығарылғанын растаған еді. Бірақ қылмыстық құрамның болмауына байланысты осы оқиғаға байланысты қозғалған іс кейін жабылды. 12 маусымда Қарашығанақ кенішінің карантиндік аумағы кеңейтілетіні, соған сай, карантин аумаққа енетін Березов ауылы көшірілетіні хабарланды.

Еркін КАРИН