Осымен екінші апта Атырау аптап ыстықтың құрсауында. Синоптиктер аймақта +38-+40 градус деп болжағанымен,
тыстағы термометрлер бағаны +50 градусқа жеткен. Халықтан маза қашты. Ыстықтан
қорғану үшін жаппай салқындатқыштар сатып алып жатыр. Жедел жәрдем қызметі
науқастарға қызмет көрсетуге үлгере алмауда. Тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы аймақтағы
ыстықтан қорғану тәсілдерін және оның пайдасы мен зиянын зерделеді.
Атырауда соңғы бірнеше күннен бері ыстықтың беті қайтпай тұр. Бүгінде
қалада термометр көрсеткіші таңертеңгі сағат 11-де +41 градусты көрсетсе, ал күндізгі
сағат 3-те +50 градусқа жетті.
Нина Карантинова:
Телевизорда +39 градус дейді. Менің ойымша, +50 градус сияқты. Біз күні
бойы ыстықта тұрамыз. Үйге келеміз, ауа жоқ. Ыстық. Төзу мүмкін емес. Терезені
ашсақ, маса, шыбын.
Рая Бегешова:
Өстіп орамал тартамыз. Шөлмек қолымызда, бір шөлмек суымыз. Осылай жүреміз.
Үйде үкіметтің кондицонерімен. Душ, ванна, сол ғой.
Ыстықтан халық әр түрлі жолмен қорғануда. Бірі күн қағар бас киімдер кисе,
енді бірі салқын сусыз үйден шықпайды. Ал ыстыққа шыдамаған тұрғындар Жайықты
жағалап жүр. Тал түсте шаһардағы қос ресми жағажай демалушыларға толы. Қолайлы
жағдай жасалмаса да, ыстықтан қорғанудың жалғыз жолы осы, - дейді тұрғындар.
Евгений Севрюгин:
Егер біздің мұнайлы астанада тұратынымызды ескерсек, бұл жағажай емес, ұят.
Тіпті қарауға ұят. Ешқандай қолайлы жағдай жасалмаған. Жерді тегістеп, құм
төсеу керек. Амал жоқ, ыстық болған соң, күніне екі рет келемін. Зейнеттемін.
Басқа шаруам жоқ.
Аптап ыстық ауа райы түрлі аурулардың ушығуына әкелуде. Жедел жәрдем
қызметі тұрғындардың шағымына уақытылы жете алмай жатқанын мойындайды.
Қарапайым күндері тәулігіне 330-дай қоңырау түссе, соңғы уақытта 1 тәулікте 461
атыраулық денсаулығына шағымданған. Олардың бәрі дерлік аптап ыстықтан ауру
жамағандар,- дейді жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері.
Ерлан Балғожин, Атырау қаласы жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері:
Сәбилерге шақыртады. Салқын тиіп, тамақтарына салқын тиіп, қызудың
көтерілуі. Оны күннің ыстықтығымен байланыстыруға болады. Үлгере алмай жатырмыз.
Оның үстіне машинаның ақауы көбейіп тұр. Көптен келе жатқан ескі машина ғой.
Бұзылып тұрғандары да бар. Олардың бәрін жөндеп, қалпына келтіріп болғанша,
үлгере алмай жатқанымыз рас.
Аптап ыстықтан кей кәсіпкерлердің кәсібі өрге домалаған. Әсіресе ауа
баптағыштар мен желдеткіштердің саудасы қызуда. Ірі сауда нүктелерінің өзі
қоймадағы тауарларды дүкенге әкеліп үлгере алмай жатқандарын айтады.
Анастасия Дин, сауда орнының қызметкері:
Салқындатқыш, желдеткіштерді бұрынғыдан көп сатып ала бастады. Біздің сатып
алушылар 20-36 шаршы метрге арналған жаңа ауабаптағыштарды сұрайды.
Бұл техникалардың пайдасымен қатар зияны мол боп тұр. Ақ халаттылар
мұздатқыштан су ішіп, ауа баптағыштың астына жату - адам денсаулығына зиян,-
дейді.
Айнұр Харисова, Атырау облыстық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
Көбіне кондиционер, суық су ішу, соған байланысты бүйрек ауруларымен, лор
патологияларымен және өкпе ауруымен шалдығып келіп жатады. Жүрек қан тамырлары,
жүйке жүйесі аурулары, эндокринді аурулары бар науқастардың көлеңкеден,
үйден шықпауын сұраймыз.
Шіліңгір ыстықпен алысқан атыраулықтарға әлі де біраз сабыр сақтауға тура
келеді. Өйткені синоптиктер болжамынша, аптап апта аяғына дейін сақталады.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ