$498.55 €524.28 ₽4.75
×

2017 жылдан бастап зейнетақы еңбек өтіліне байланысты тағайындалады

AstanaTV
24.06.2015ж. 20:00
1676
2017 жылдан бастап зейнетақы еңбек өтіліне байланысты тағайындалады

Қазақстанда 2017 жылдан бастап зейнетақы азаматтардың еңбек өтіліне байланысты тағайындалады. Бүгін Парламент Мәжілісі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ұсынған «Зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне байланысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу» жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда қолдады.

Өзгерістерге сәйкес, енді тиісінше жас мөлшері бойынша белгіленген әлеуметтік төлем жойылады. Есесіне қажетті еңбек жылдарын жинап үлгермеген, бірақ көп балалы ана, дәлірегі 4 бала тәрбиелеген анаға әр бала үшін үш жылдан 12 еңбек жылы есептеледі. Алайда жеңілдіктер осымен шектеледі. 4 бала туған ана мен он баладан артық туғандар бір категория бойынша өтеді. Сол 12 жылдық еңбек өтілі. Жалғыз ерекшелік, соңғылары ай сайын алты есептік көрсеткіш, яғни 11 892 теңге әлеуметтік көмекті, қосымша көреді. "Батыр аналарға зейнетақы тағайындаудың жаңа тәртібі демографиялық өсімді тежеуі мүмкін", - деді депутаттар.

Гүлнәр Сейтмағанбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ертең біз қалай түсіндіреміз? Сіз төрт баланы дүниеге әкелдіңіз, оған 12 жыл, сіз он баланы әкелдіңіз, сізге де он екі жылдық стаж дегенді, біз қалай түсіндіреміз айтыңызшы?

Дегенмен, министр Дүйсенова жаңа тәртіпте дифференциация бар деп біледі. Бірақ неге екені белгісіз, министрдің 6 айлық есептік көрсеткішті есептеуі бөлек боп шықты.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Ай сайын өмірінің соңына шейін қосымша 6 АЕК ретінде бүгінгі таңдағыдай 15 мың теңгеден қосымша базалық зейнетақысына қаражат төленіп отырады. Сондықтан екеуінің ортасында дифференциация бар.

Бұл тәртіп 2017 жылдың бірінші шілдесінен күшіне енеді деп жоспарланған. Оған сәйкес енді 10 жылға дейінгі еңбек өтілі бар азамат базалық зейнетақы ретінде ең төменгі күн көріс деңгейінің 50 пайызын, 35 жыл өтілі барлар 70 пайызын, одан жоғарылар 100 пайыз көрсеткішін алады. Ал оның көлемі 21 364 теңгені құрайды. Оған азаматтың есепшотында жинақталған 10 пайыздық аударым қосылады. Заң жобасының келесі жаңалығы, 2018 жылдан бастап жұмыс беруші қызметкерінің зейнетақы шотына өз қалтасынан жалақының 5 пайызын аударуы тиіс. Бұл тәртіп депутат Азат Перуашевтің көңіліне жатпады.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл төлемдер салық өтеу кезінде ескеріле ме? Әлде бұл тек кәсіпкердің өз жеке табысы есебін төлене ме? Бүгінгі жағдайда бұл 5 пайыздың экономикалық әсері қандай болатынын есептедіңіздер ме?

Бірақ 5 пайыз кәсіпкерлердің салық төлемі есебіне кірмейді. "Олай болғанда, мемлекет қазынасы жыл сайын 64 млрд теңгеден қағылады", - деді Тамара Дүйсенова. Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған Азат Перуашев, екінші оқылымда ескертпелері еленсе ғана, қолдау білдіретінін де жасырмады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ

 

}