$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзара әріптестік туралы келісімге қол қойды

AstanaTV
25.06.2015ж. 10:00
1298
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзара әріптестік туралы келісімге қол қойды

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзара әріптестік туралы келісім жасасты. Құжат мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара тығыз әрекеттесуіне ықпалу ету мүмкіндігін туғызбақ. Сонымен қатар, онда кәсіпкерлік субъектілердің құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерден арылу, бизнес жүргізудегі ашықтық және кәсіпкерлік саласында жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырудың жаңа жүйелері қарастырылған. Агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, жаңа келісім аясында Мемлекет басшысының әділ қоғам құру туралы тапсырмасын іске асырып, азаматтарға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға мүмкіндіктер ашылмақ. Ал Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев ортақ келісімде ең алдымен отандық өндірушілерді және кәсіпкерлерді қолдау тетіктері қарастырылғанын жеткізді.

Тимур Құлыбаев, ҚР Ұлттық кәсікерлер палатасы президиумының төрағасы:

Біз агенттікпен бірлесе отырып, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі олқылықтарды дұрыстап, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында ұзақ мерзімді келісімдер арқылы қазақстандық бизнесті дамытпақпыз. Қазақстан қазір Еуразиялық экономикалық одаққа және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Яғни бәсекелестік деген пайда болды. Осы орайда отандық кәсіпкерлерді барынша қолдауымыз қажет. Әкімшілік кедергілерден арылу, бизнес жүргізудегі ашықтық және жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру ісімен айналысуымыз керек. Келісімнің басты мақсаты осы.

Жұрағат БАМАН