$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Қостанай облысы Затобол кентінде 10 жастағы баланы 14 ит талап өлтірген деген күдік бар

AstanaTV
25.06.2015ж. 20:00
1632
Қостанай облысы Затобол кентінде 10 жастағы баланы 14 ит талап өлтірген деген күдік бар

Қостанай облысы Затобол кентінде жан түршігерлік оқиға болды. 10 жастағы баланы 14 ит талап өлтірген деген күдік бар. 3-ші сынып оқушысының жансыз денесі екі күннен кейін табылған. Полицейлер адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде. 

Затабол кентіндегі бұл аумақта жергілікті серіктестік ауыл шаруашылық техникаларын жөндеумен айналысады. Қаза тапқан баланың туысқан ағасы осы жерде жұмыс істейді екен. Жеткіншек ағасының үйінен 100 метрдей қашықтықтағы жұмыс орнына барған. Ал кешкісін үйге оралмаған.

Сергей Тупкало, серіктестік күзетшісі:

Менің ойымша, баланың өліміне әріптесім кінәлі. Неге ол бұл аумаққа бөтен адамды әкеледі? Ал иттердің қарғыбаусыз емін-еркін жүргені рас. Оларды шынжырға байлаған жоқпыз. Осы тұрғыдан біздің де кінәміз бар.

Заңғар Санай, тілші:

Жоғалған баланың денесі екі күннен кейін табылған. Оны полицейлердің иісшіл иттерінің көмегімен тауыпты. Жансыз денені көргендер "баланы иттер талады" деген болжам жасаған.

18 мамыр күні үйінен кетіп, қайтып оралмаған Сергей Рындиннің өліміне көпшілік тұмылдырықсыз жүрген төбеттерді кінәлайды. Дегенмен оқыс жайттың қалай болғанын ешкім көрмеген. Туған-туыстары жоғалған баланы жан-жақтан іздеп таба алмапты. Марқұмның анасы ұлының келте ғұмыры аса ауырлықпен өткенін айтады. Баласының кемтар туғанын айтып отыр.

Любовь Рындина, марқұмның анасы:

Ол бірден үй жаққа қашпақ болған. Бірақ иттерден қорқып сүрініп -құлаған. Қатты үрейленгенде дауысы шықпай қалған болуы мүмкін.

Оқиғаға қатысты Қостанай аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғап, сот-медициналық сараптама тағайындалыпты. Тергеу амалдары толық біткен соң, баланың өліміне кімнің кінәлі екендігі нақты белгілі болмақ,  - дейді полицейлер.

Сергей Бугай, Қостанай аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары:

Қазіргі кезде сот - медициналық сараптамасы тағайындалып, алдын-ала тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу шараларының қорытындысы бойынша «Болашақ-Ж» ЖШС басшылығы мен басқа да тұлғалардың осы оқиғаға қаншалықты қатысы болғандығы анықталады.

Қазір ауыл шаруашылық техникаларын жөндейтін аймақта 4 ит қалған. Жан түршігерлік оқиғадан соң ветеринарлық қызмет өкілдері қалғандарын атып тастаған. Дегенмен, көрші-көлемнің айтуынша, баланы ит өлімге итермелегендердің бірі - туған анасы. Себебі науқас балғын үнемі дала кезіп, бақылаусыз жүретін, дейді. Ал жеңіл жүрісті жесір ана жеткіншекке дұрыс көңіл бөлмек түгілі, бөтелкелес достарымен жиі бас қосса керек. Енді баланың өліміне кімнің кінәлі екенін құзырлы органдар анықтайды.

Заңғар САНАЙ