$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Ақтөбелік ана өзінің бұл өмірде бар екенін дәлелдей алмай жүр

AstanaTV
25.06.2015ж. 20:00
1554
Ақтөбелік ана өзінің бұл өмірде бар екенін дәлелдей алмай жүр

Ақтөбеде тұратын екі баланың анасы өзінің бар екенін дәлелдей алмай жүр. 29 жастағы Айымгүл Көшербаеваның қолында тіпті туу туралы куәлігі жоқ. Енді оған жеке басын куәландыратын куәлікті рәсімдеу үшін, ДНК сараптама жасау қажет. 

Ақтөбе маңындағы саяжайлардың бірінен баспана жалдап тұратын Айымгүл Көшербаева 3 жылдан бері түрлі мекеменің табалдырығын тоздырып жүр. Ол малшының отбасында дүниеге келгенін айтады. Өзінің 1986 жылы сәуір айында дүниеге келгенін ата-анасының айтуы бойынша ғана біледі. Бірақ қолында оны дәлелдейтін ешқандай құжаты жоқ. Қазір ол қос бүлдіршініне тиісті әлеуметтік төлемақыдан да қағылған.

Айымгүл Көшербаева:

Жолдасым осы уақытқа дейін бағып келді. Оның зарплатасы 50 мың. Ол да кетіп қалады, 3-4 айлап кетіп қалады. 2 ай болды міне үйге келмегеніне. Қазір өзімнің інім көмектесіп жатыр. Ол да шамалы 70-80 мың табады. Бірақ маған көмектеседі. Квартирама, тамағыма.

Жеке куәлікті рәсімдейтін қалалық АХАТ бөлімі негіздемесіз құжат бере алмаймыз дейді. Перзентханадан анықтама талап етеді. Ал Айымгүлді анасы перзентханада емес, мал баққан қыстақта туған.

Валентина Мәмбетова, Ақтөбе қалалық АХАТ бөлімінің басшысы:

Тек қана 2 негіз бар тууды тіркеу үшін. Біріншісі - медициналық анықтама. Екіншісі - соттың шешімі. Осындай жағдайда осы азаматшаға міндетті түрде өзінің өкілімен сотқа арыз беру керек, тууды тіркеу үшін.

Айымгүлдің бар екенін растайтын құжаттарды қараған кешегі сот отырысында сот оның анасының жазған арызы мен куәгерлердің дәлелін аздық еткен.

Азамат Қабылдинов, Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы:

Мен бұл азаматшаның дүниеге келгендігін дәлелдейтін қосымша куәлерді талап еттім. Ең болмағанда, ДНК сараптамасы арқылы анасы мен қызы екендігін анықтау қажет.

Мансұр Есқожин, тілші:

Сот талап еткен ДНК сараптамасын жасау үшін, Айымгүл Көшербаеваға 150 мың теңге қаражат қажет. Бұл ол үшін қомақты қаржы. Айымгүл ДНК сараптамасын жасауға қайырымды жандардан көмек сұрағаннан басқа амалым қалмайды дейді.

Мансұр ЕСҚОЖИН