$485.04 €525.98 ₽5.04
×

«Нұр Сұңқар» республикалық журналистер байқауының үздіктері анықталды

AstanaTV
25.06.2015ж. 20:00
1338
«Нұр Сұңқар» республикалық журналистер байқауының үздіктері анықталды

Санаулы минуттардан кейін «Нұр Отан» партиясының БАҚ өкілдеріне табыстайтын «Нұр Сұңқар» дәстүрлі сыйлығының салтанатты рәсімі басталады. Ақпарат және байланыс қызметкерлері күні қарсаңында өтетін партиялық марапаттау жылдар ішінде отандық журналистиканың үздіктері анықталатын байқауға айналып үлгерді. Биыл номинациялар былтырғымен салыстырғанда екі аталымға артық. "Нұр Сұңқардың" боладысы мен жаңалығы жайында Азамат Алдоңғаров салтанатты жиын өтетін «Астана мюзик холл» мейрамханасынан тікелей эфирде тілдесуге дайын. 

Азамат Алдоңғаров:

Қызыл алаша мен келісті киінген меймандар. Салтанатты көңіл-күй мен қобалжыған қатысушылардың сауығы. Бұл журналисттің жыл бойғы еңбегінің бағасы берілетін жиын. Қазақстан БАҚ бомонды бас қосатын дәстүрлі «Нұр Сұңқар» байқауы. Алтыншы мәрте қатарынан өтіп отырған марапаттау партиялық марапат сипатынан қалам ұстаған ағайын арасынан жыл үздігі анықталатын байқауға айналды деуге негіз бар. «Астана мюзик холлға» жиналғандар арасында тек журналист қауым емес, депутаттар, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер де бар. Олар да «төртінші билік» үздіктерін төл мерекелерімен жеке құттықтағысы келсе керек. Биыл байқауға қатысуға өтініш білдіргендердің саны өткен жылмен салыстырғанда шамалы болса да артық, 220 материал келіп түскен, оның 132-сі сұрыпталып, 9 номинация бойынша үздіктер анықталды.

Жалпы байқауда 2014 жылдың бірінші қыркүйегінен 2015 жылдың 11 маусымына дейін жарық көрген баспа, телевизиялық және радио материалдары қабылданды. Олар мемлекеттік маңызды бағдарламалар мен ел ішіндегі актуалды тақырыптарды, партия жұмысын қамтыған. Олардың әрқайсысына 1 млн теңге қаржылай сый қарастырылады. Айта кетейік, өткен жылғы «Сөз шебері», «Ерекше пікір», «Медиа-профи», «Аймақ айнасы», «Көзқарас», «Қазақстандық журналистикаға қосқан үлесі үшін» және «Партия қызметі туралы ең үздік материал» аталымдар қатары «Қоғам үні» атты үздік радио мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы ең үздік материал» аталымдарымен толықты.

Алтыншы «Нұр Сұңқардың» тағы ерекшелігі - биыл еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі журналист қауымға «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерін әзірлепті. Тағы қоса кетерлігі, биыл да дәстүр бойынша «Нұр Сұңқар» мүсіншесін партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек табыстайды. Жыл марапаттауының қорытындысы жайында ертең толығырақ айта жатармыз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ