$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Атыраулықтар аптап ыстықта ауыз сусыз отыр

AstanaTV
26.06.2015ж. 20:00
1702
Атыраулықтар аптап ыстықта ауыз сусыз отыр

Атырау облысындағы Доссор кенті тұрғындары шілденің шіліңгірінде ауыз суға жарымай отыр. Тұрғындарға әзірге суды тасып жатыр. Бірақ шелектеп тасыған тіршілік нәрі онсыз да аптап ыстықта шөліркеген халыққа жетпейді. «Ауыз судың зары өткен доссорлықтар» әкімдіктің алдына жиылды. Ал сумен қамтитын мекеменің айтар өз уәжі бар. Олар судың жоқтығына - қарызды төлемеген тұрғындардың өздері кінәлі - дейді.

Доссорлықтардың әрбір таңы осылай шелектеп ауыз су тасумен басталады. Бала-шаға, кәрі-құртаң алдымен су таситын көліктің келуін тосып, кезекке тұрады. Тіпті, тіршілік нәрі үшін көрші-көлеммен сөзге кеп, жаға жыртысуға да бар. Тұрғындардың айтуынша, 10 жылдан бергі күнкөріс осы.

Бақтылы Сәрсенова,  Доссор кентінің тұрғыны:

40 күн шілдеде қырыла ма? Мал жоқ болғанымен, адам дейтін суға түсу керек, кір жуың керек, ішуің керек. Нағыз қиын уақыт қой мынау деген. 10 жыл болды біздің Шапағатқа келгенімізге. Содан бері кәсіп осы. Кім жауап берді?

12 мыңнан астам тұрғыны бар Доссор кентіне өткен жылы бюджеттен 450 млн теңге бөлініп су құбырын тартылған. «Ауыз суға аузымыз енді жетті» дегенде тағы мәселе шықты. Өзара арғы және бергі бет боп бөлінетін кенттің алты мыңнан астам тұрғыны бар бір бөлігіне су жетпей қалған, ал екінші бөлігіне сағаттап беру режимі енгізіліпті. Енді жұрт бір көлік суды үш мың теңгеден сатып алып отырғандарын айтады.

Қатира Кикенова, Доссор кентінің тұрғыны:

Машинамен келгенде таси алмаймын. Жұрттар әкеп береді, обалың бар ғой деп. Тіпті, таси алмаймыз, қиын болып тұр. Соғыс кезінде де қиындықты көрдік, қазір де сол қиындықты көріп отырмын. Жіберіп тұрса рахат қой. Сағатпен болса да жіберіп тұрсын. Үйімізде ылғал су жоқ.

Ашуға булыққан доссорлықтар әкімдіктің алдына жиылып, су беруін талап етті. Алайда ауыз сумен қамтитын мекеме басшылығының өз уәжі бар. Ол судың тоқтауына ақша төлемеген халық кінәлі,- дейді.

Қуаныш Ысмағұлов, «Доссор су арнасы» мекемесінің басшысы:

Халық «Доссор суға» берешек. Ал мен «Атырау су арнасына» берешекпін. Өйткені суды солар жібереді. 7 миллион ақша қарыз бар халықтан жиналмай тұрған. Сол себепті су жібермей тұр.

Гүлнәр Ерғожиева, Доссор кенті әкімінің орынбасары:

Жазғы мезгіл болғандықтан көп тұрғындар насоспен тал, мал суарады. Құрылысшы, Шапағат ықшам аудандарына жетпей отыр, оларға шыны керек. Негізі 3 мың текше метр су керек 12 722 халыққа. Бірақ суды аз мөлшерде беріп отыр. Ол жаққа жеткенше, бер жақ беттегілер алып алады.

Жергілікті әкімдік ауылдықтарға ауыз су тарту үшін тағы бірнеше шақырым құбыр тарту керектігін айтады. Ол үшін қазынадан қаржы бөлінуі тиіс. Оған дейін ауыз судың толық жетуі неғайбыл. Сондықтан халықтың тіршілік нәріне нақты қашан қол жеткізетіні әзірге белгісіз.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ