Президент Нұрсұлтан Назарбаев Кувейт пен Тунисте
болған террорлық әрекеттерге байланысты осы мемлекеттердің басшылары мен
халқына көңіл айтты. Бұл жайында Ақорданың ресми сайты хабарлайды. Мемлекет
басшысы көңіл айту жеделхатында, «қаза тапқан бейнүнә адамдардың отбасы
мүшелері мен туыстарының қайғысына ортақ екенін» жеткізген. Кувейт астанасында
мешітте болған жарылыстан жиырмадан аса адам көз жұмған еді. Ал, Тунистегі
жағажайлардың бірінде 39 адам оққа ұшты. Оларды бір мезетте атып тастаған 23
жастағы содырдың сыбайластары бар болуы мүмкін. Бұған Тунистің Ішкі істер
министрлігінің өкілі сенімді, деп хабарлайды ВВС. Маусымның жиырма алтысы күні
Imperial Marhaba отелінің жағажайында атыс ұйымдастырған студент Сейфеддин
Резги полицейлермен ұрыс кезінде оққа ұшып, мерт болды. Қазір атыс алаңына айналған жағажай қайта ашылды.
Түйе мінген тұрғындар тынығу орнындағы ахуалдың оңалғанын көрсеткісі келгендей,
алаңсыз демалуда. Еске салайық, терактден соң туристтер Тунистен жаппай кете
бастаған еді. Дәл осы туризм саласы бұл
елде табыстың негізгі көзі болып саналады.
Сабрина Бенсилем:
Туристердің Тунисте қалып, жергілікті халықты
қолдап отырғандығы қуантады. Әрине, террорлық акт туған жерімізде орын алғаны
өкінішті. Ел қара жамылды.
Айгүл ӘДЕПБАЙ