$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Астанада Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференциясы өтуде

AstanaTV
29.06.2015ж. 13:00
1763
Астанада Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференциясы өтуде

Астанада Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференциясы өтуде. Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыстарға 150-ден астам қазақстандық қатысуда. Олармен бірге 200-дей әйелдер, содырлардың жесірлері мен балалары жүр. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференцияда  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев айтты. Өңірлік конференцияға әлемнің 24 елінен халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласындағы сарапшылар қатысуда. Форумда радикалды идеологияның таралуын ескертуге және оның жолын кесуге, зорлық-зомбылық  экстремизммен күрес бағытындағы бірқатар мәселелер талқыланды.

Жұрағат Баман, тілші:

Бүгінгі конференцияға, қатысушылар экстремизмді туғызатын себептер мен радикалды топтар төндіріп отырған қауіп-қатерлерді, сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен ғаламторда экстремистік идеяларды таратуға тосқауыл қоюдың жайы талқыланды. Сондай-ақ азаматтарды шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысуға үндеушілердің жолын кесу мәселесі сөз болды. Экстремизм мен радикализмнің әртүрлі формаларымен күресу жөніндегі стратегиялар ұсынылды. Мәселен, шетелдік сарапшылар терроризммен күрестің тиімді жолдарының бірі әлемдік ақпарттық кеңістікте діни идеологияны таратуға шектеу қою оң ықпалын тигізеріне сенімді. Бұл ұстаныммен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев та келіседі. Айтуынша, азаматтардың шетелге соғысуға кетуіне көбінесе бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы зор көрінеді. Діни экстермизмді насихаттаушы террористік ұйым басшыларының үндеулері, не болмаса терактілерге қатысты бейнематериалдардың жаңалықтарда теріс бағытта жиі көрсетілетіні сонша, халыққа үйреншікті болып кеткен. Яғни, ұйымдардың идеологиясы кеңінен, еш кедергісіз таралуда. «Осы орайда, бұқаралық ақпарат құралдарында діни экстремизмге қатысты кез-келген ақпаратты сараптап, барынша аз жариялауды қарастыру керек» - деді комитет төрағасы.

Нұртай Әбіқаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы:

Біз саясаткерлер мен журналистердің экстремистік ұйымға қатысты «ислам мемлекеті» деген атауды қолдануы қате деп ойлаймыз. Мемлекет терминін қолдану - ұйымды заңды етіп көрсетеді. Олар өзін солай атағанымен, біз арнайы қызметте оларды «дайш» дейміз. Проблеманың тағы бір қыры - ғаламтор мен БАҚ-та «дайшқа» көп көңіл бөлінеді. Және көп жағдайда олар жайлы берілген ақпарат санасы уланған азаматтардың нақты қадам жасауларына  себеп болады.

Жұрағат Баман, тілші:

Форум жұмысының қортындысында арнайы құжат қабылданды. Онда делегаттар зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы күреске қатысты ой пікірлері мен өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі нақты ұсыныстарын белгілеген. Енді аталған бастамалар үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Нью Йоркте өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысында көрініс табатын болады.

Жұрағат БАМАН