$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Діни экстремизммен күрес алдымен әлемдік ақпараттық кеңістікте жүргізілуі тиіс- Әбіқаев

AstanaTV
29.06.2015ж. 20:00
2339
Діни экстремизммен күрес алдымен әлемдік ақпараттық кеңістікте жүргізілуі тиіс- Әбіқаев

Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыстарға 150-ден астам қазақстандық қатысуда. Олармен бірге 200-дей әйелдер, содырлардың жесірлері мен балалары жүр. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференцияда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев айтты. Өңірлік конференцияға әлемнің 24 елінен халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласындағы сарапшылар қатысты. Форумда радикалды идеологияның таралуын ескертуге және оның жолын кесуге, зорлық-зомбылық экстремизммен күрес бағытындағы бірқатар мәселелер талқыланды. Дінді қалқан ете отырып әрекет етуші, «Ислам мемлекеті» содырлары, басқаша айтқанда лаңкес-террористер қазір кішігірім мемлекеттердің құрамын күшпен өзгертіп, үкіметті басып алуға бағытталған әрекеттер жасауға көшкен. Кілең бас кесерлерден құралған қарулы топтар жұртшылықты өзара өшіктіру әдістерін қолдану арқылы діни және ұлттық қайшылықтарды қоздырып отыр. Лаңкестік ұйымдардың дамығаны сонша, олар өз идеологиясын заманауи ақпараттық желілер арқылы таратып, миллиондаған адамның миына «қате діни» идеяны сіңіруде. Діни экстремизм мәселесі әлемдік проблемаға айналып үлгерді.

Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың бірыңғай жүйесін қалыптастырып, ұлттық қауіпсіздікті нығайту тетіктері қарастырылуда. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелдік құзыретті қызметтермен ақпарат алмасу арқылы 2014 жылдан бері 11 терактінің алдын алған. Сондай-ақ, арнайы қызмет террористік белсенді аймақтардан Қазақстанға оралған бірқатар шетелдік және қазақстандық азаматтардың қылмыстық әрекетін тоқтатты. Астанада бас қосқан халықаралық ұйымдар мен шетелдік сарапшылар радикалды топтардан төніп тұрған қауіптің алдын-алу мәселелері жөнінде пікір алмасты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Нұртай Әбіқаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары лаңкестік ұйымдарға аса зор мән береді. Осыны пайдаланған терроршылар өздерінің «теріс пиғылды» идеологиясын жұрт санасына кеңінен сіңіруде. Ғаламтордағы әлеуметтік желілерде де лаңкестік ұйымдар туралы ақпарат көп. «Күресті алдымен осы бағытта жүргізу керек. Әлемдік ақпараттық кеңістікте діни идеологияны таратуға шектеу қою қажет» - дейді комитет төрағасы.

Нұртай Әбіқаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы:

Біз саясаткерлер мен журналистердің экстремистік ұйымға қатысты «ислам мемлекеті» деген атауды қолдануы қате деп ойлаймыз. Мемлекет терминін қолдану - ұйымды заңды етіп көрсетеді. Олар өзін солай атағанымен, біз арнайы қызметте оларды «дайш» дейміз. Проблеманың тағы бір қыры - ғаламтор мен БАҚ-та «дайшқа» көп көңіл бөлінеді. Және көп жағдайда олар жайлы берілген ақпарат санасы уланған азаматтардың нақты қадам жасауларына себеп болады.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов те діни экстремизмнің жылдам етек жаюына ғаламтордың ықпалы зор екенін айтады. «Әлеуметтік желі парақшалары, экстремизм мен радикализм жөніндегі ақпаратқа толы. Лаңкестік ұйымдар ғаламтор желісін жіті бақылауда ұстап, насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуде. Әсіресе «жихад» туралы үндеулер «Фейсбук» және «Ватсап» желілерінде көп жарияланады. Бір тәуліктің өзінде ол хабарламаларды екі миллионға жуық адам оқиды. Салдарынан діни үгіт құрбандары қатары көбеюде» - деді премьер-министр. Ал Комитет төрағасы Нұртай Әбіқаев, Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығысқа 150-ден аса қазақстандық қатысып, олармен бірге содырлардың 200-дей отбасы мүшелері де жүргенін айтты.

Нұртай Әбіқаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы:

Кейде тілшілер бұндай адамдардың жолын неге бөгеуіміз керек деп сұрайды және өлімге бас тіксе, өз таңдауы солай болғанын айтады. Ауғанстанда, Сирия мен Иракта ондаған адам өз таңдауымен қаза болғанын алға тартады. Алайда біз азаматтарымыздың лаңкес болып, қаза тауып жатқанын қалыпты жағдай деп қабылдай алмаймыз.

Жиын барысында халықаралық ұйымдардың сарапшылары бірқатар ұсыныстарын білдірді. Олар террористік ұйымдардың бірыңғай тізімін жасап, аталмыш ұйымдармен байланыста болған елдерге саяси- экономикалық шектеулер енгізуді қарастыру керек деген пікірде. Сондай-ақ, ғаламтор мен телеарналарда экстремистік контентті жою мәселесі де көтерілді. Форум жұмысының қортындысына сай арнайы құжат қабылданды. Онда делегаттар зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы күрес және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы өзара тиімді ынтымақтастық жөніндегі нақты ұсыныстарын белгілеген. Бұл бастамалар қыркүйек айында Нью Йоркте өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысында талқыланбақ.

Жұрағат БАМАН