Қарағанды облысына АҚШ, Қытай, Белорусь және Ресей мемлекеттерінің барлаушылары келді. Олар Спасск кентінде арнайы мақсаттағы барлау топтарының «Алтын Үкі»халықаралық жарысына қатысуда. Төрт күнге созылатын, оқу-жаттығу барысында барлаушылар әскери шеберліктен сайысқа түсіп, өзара тәжірибе алмаспақ.
Айжан Қуаш, тілші:
Барлаушылар жараланған сарбазға алғашқы медициналық көмек көрсетулері тиіс. Бұл жұмысқа 3минут уақыт берілді. Арқасына салмағы 20 келі тартатын ауыр сөмке асынғанына қарамастан, әскери қызметкерлер тапсырманы жоғары деңгейде орындап шықты.Арнайы мақсаттағы барлау топтары үшін бұл міндетті жаттығулардың бірі ғана.
Виталий Ковалев, Шығыс Қазақстан облысы «Восток » өңірлік қолбасшылығы №44735ӘБ сарбазы:
Біз алдымен жауымыздың мекен-жайын тауып, тиісті орындарға хабарлаймыз. Әрі қарай не істеу керектігін бізге командир айтады. «Жаудың көзін жой!»деген бұйрық берілсе, оны да дереу орындаймыз. Кез-келген операцияға қатысуымыз мүмкін.
Жарыстың келесі кезеңі, 100-200 метрге әртүрлі қимылда оқ атудан бақ сынау. Бұдан басқа10 шақырымға созылатын «барлаушы жолағынан», яғни тікенек сымдар, жартастар мен су секілді кедергілерден сүрінбеу шарты тағы бар. Мұндай сайыстар Отан қорғаушылардан ептілік пен шыдамдылықты,мол тәжірибені талап етеді. Дегенмен, ұйымдастырушылар «қазақстандықтардың АҚШ пен Қытайдан, көршілес Ресейден де әскери шеберлік бойынша үйренері көп», - дейді.
Нұрхат Тұрапбаев, «Алтын үкі» халықаралық жарысы жетекшісінің көмекшісі:
Құраша штаттар сарбаздарының Ауғанстанда, Иракта жинаған тәжірибесі мол. Қытай антитеррорлық операциясымен белгілі. Ресей Шешенстанда түрлі ұрыстарға қатысты.Олардың әскери жарақтану, қару қолдануда тәжірибесі бөлек. Осының бәрін біз өз қарулы күштерімізге үлгі ретінде енгізе аламыз.
Ма Лидун, ҚХР ӘӘК Барлау басқармасы бастығының орынбасары:
Біздің арнайы жасағымыздың құрылғанына 20 жылдан асты. Осындай жарыстарда өзіміздің әскери шеберлігімізді көрсете отырып, тәжірибе алмасамыз. Біз үшін бәселекестермен арамызда қандай айырмашылықтар бар екенін байқауға мүмкіндік бар.
Барлаушылардың әскери шеберлік деңгейін Үндістан, Түркия және Италия мемлекеттерінің өкілдері бақылайды. Төрт күнге созылатын жарыс жеңімпазына, «Алтын үкінің»арнайы кубогы табысталмақ.
Айжан ҚУАШ