$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Қызылжарда өртенген көпқабатты үйдің тұрғындарына жергілікті әкімдік 139 мың теңгеден бермек

AstanaTV
29.06.2015ж. 20:00
1546
Қызылжарда өртенген көпқабатты үйдің тұрғындарына жергілікті әкімдік 139 мың теңгеден бермек

Қызылжарда өртенген көпқабатты үйдің тұрғындарына жергілікті әкімдік қол ұшын созбақ. Қала әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеевтің мәлімдеуінше, өрттің кесірінен 5 қабатты баспананың он үш пәтері зақымданған. Басым бөлігінің ауа салқындатқыш қондырғылары істен шықты. Ішкі жөндеу жұмыстары үшін қалалық әкімдік пәтер иелеріне 139 мың теңгеден таратып бермек. Бұдан бөлек, күл-қоқысқа айналған үйдің шатыры жаңартылатын болады. Кеше шенеуніктер құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер компанияны таңдап, қажет материалдармен қамтамасыз еткен.Айта кету керек, аталмыш баспананың шатыры осыдан екі жыл бұрын тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында жөнделген.

Қайролла Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

Әзірге шығын көлемі белгісіз. Ол тек шатырды қалпына келтірген соң белгілі болмақ. Жалпы,үйде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қалалық бюджеттің резервінен жиырма бес млн теңге бөлінді. Жаңғырту жұмыстары шілденің жиырмасына дейін жүргізілмек.

Алайда, кейбір тұрғындар бөлінген қаржыға көңілдері толмайтынын айтты. Себебі, өртенген дәмхана жақта орналасқан кей балкондардың сау тамтығы қалмаған. Аңғал-саңғал болған баспананың иелері қазір жандарын шүберекке түйіп отырған көрінеді.

Ирина Ходжаева:

Үйімдегі бүкіл әйнектерді ауыстыру керек. өрт сөндірушілер отты менің балконымнан ауыздықтады. Тілсіз жаудың кесірінен бірқатар техника істен шықты. Үйім быт-шыт күйге айналды. 139 мың теңге әрине жетпейді. Әкімдік өкілдері менің жағдайымды бөлек қарастырамыз деді. Осыдан үміттеніп отырмын.

Еске салсақ, демалыс күндері Қызылжардың қақ ортасында орналасқан үлкен дәмхана өртенді. Оқиға орнына өрт сөндірушілер дереу жетсе де, қызыл жалынды көпке дейін ауыздықтай алмаған. Қарсы бағыттан соққан желдің кесірінен тілсіз жау жақын тұрған көпқабатты баспананы да орап алды. Өрт бес қабатты үйдің төбесіне көшіп, шатыры жарамсыз болып қалды. Отпен арпалысқан төтенше жағдай мамандары тілсіз жауды 3 сағаттан соң сөндірді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Абзал ҚҰРМАНКИН



ОҢЫ