ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі Ли Кэцян, қаржыдан дағдарған гректерге тығырықтан шығар жол ұсынды. Қытай бұл ретте Еуропалық одақ пен еуроның әлеуетті болуына мүдделілік танытты. «Қытай еуропалық интеграциялық процестерді әрдайым қолдайды. Егер Грекиядағы жағдай қиындап бара жатса, Еуропа Қытайға арқа сүйей алады», - деді мемлекеттік кеңестің басшысы, неміс басылымына берген сұхбатында. Осыған дейін, Қытай жаңа Еуропалық стратегиялық инвестициялар қорына қаражат құятынын мәлімдеген болатын. Мұндағы қаржы көлемі шамамен 315 млрд еуро төңірегінде. «29-маусымда Брюсселде өтетін саммитке дейін, қытайлық тарап бұл мәселеге оралудан бас тартқан», - деп жазады Deutsche Welle. Аталған алқалы жиында, халықаралық қарым-қатынастар жайы күн тәртібіне шығарылған. Әсіресе, зияткерлік меншік, технологиялық инновациялар мен сандық экономика мәселелерін қарау жоспарланған болатын.
Еркін КАРИН