$543.24 €619.89 ₽6.78
×

Өскеменде еңбек мигранттары еңбегінің адал ақысын ала алмай жүр

AstanaTV
30.06.2015ж. 20:00
Өскеменде еңбек мигранттары еңбегінің адал ақысын ала алмай жүр

Өскеменде еңбек мигранттары еңбегінің адал ақысын ала алмай жүр. Құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істеген Әзірбайжан, Армения, Грузия және Түркия азаматтары көп қабаттың үйдің құрылысы үшін өздеріне тиесілі ақшаны талап етіп наразылық акциясына шықты. Олар үш ай бойы компаниядан жалақы алмапты. Үйдің құрылысына тапсырыс беруші «Самұрық Қазына» ұлттық әл ауқат қоры. Жұмыскерлер тиісті талабын арқалап құқық қорғау органдарына барайын десе, құжаттары жоқ. Көші-қон полициясының өкілдері құрылыс алаңына тексеріспен келіп, нәтижесінде жұмыскерлер енді бір тиынсыз отандарына қайтуы мүмкін. Бахман Сүлейманов, Грузиядан Қазақстанға табыс табу үшін келген. Елде оны қарт ата-анасы, жұбайы мен үш баласы  күтіп отыр. «Грузияда жұмыс табу қиын», - дейді Бахман. Құрылыс компаниясы оған және қалған жүзден астам мигрантқа ай сайын 1200 доллар төлейміз, - деп уәде берген. Бірақ үш айдың ішінде қолға алғандары небары 200 доллар.

Бахман Сүлейманов, Грузия азаматы:

Қазақстанға келісімен құжаттарымызды жинап алды. Мигранттардың еңбек квотасын жасатамыз деген. Содан бері бір жарым ай өтті, құжат көргеміз жоқ.

Мубарис Пералиев, Әзірбайжан азаматы:

Екі ай бойы жалақымызды мүлдем көрген жоқпыз. Адамдар мал тәрізді қоқыс арасында, темір вагонның ішінде жатыр. Не су, не жуынатын жер жоқ.

Егер еңбекақымыз төленсе - бұл жағдайға да көндігуге болар еді, - дейді шет елдік құрылысшылар. Олардың сөзінше, адал ақысын талап етіп шағымданғандардың біразын компания басшылығы далаға қуып шыққан. Ал Көші-қон полициясы тексеріп келгенде мигранттардың көпшілігінде еңбек визасы жоқ екендігі анықталған.

Мубарис Пералиев, Әзірбайжан азаматы:

Рұқсат жасатып береміз деген, білмеймін. Кеше полицейлер келіп, тексеріп депортация жасаймыз деп кетті. «Ком Рус» фирмасының басшысы «менің проблемам емес, өздерің шешіңдер» дейді.

Құрылыс алаңының мердігері  жұмыскерлерді Ахмет есімді бригадирге сілтейді. Себебі құрылыс фирмасы келісімді сол Ахметпен жасасқан. Біз бригадирге жалақыны уақтылы аударып отырамыз. Сондықтан бар талапты тікелей басшыларына қойсын,-дейді серіктестік басшылығы.

Азат Сәметов, «Ком Рус» ЖШС Директорының орынбасары:

Әрбір жұмысшымен жекелеген жұмыс келісімшарты жоқ. Тек Ахметпен ұжымдық келісім бар. Бізден келіп тікелей ақша алатын да Ахмет. Оны растайтын тиісті құжаттар соның қолында.

Ахметпен әңгімені прокуратура қызметкерлері жүргізеді. Нысанның басты құрылысшысы «Ком Рус» фирмасына да құзырлы органның қояр сауалы бар. Неліктен мемлекеттік нысан құрылысын тиісті құжаты жоқ еңбек мигранттарының жүргізуіне жол берілді? Бұл сауал әзірге жауапсыз.

Рүстем Шідердінов, ШҚО Прокуратурасы Әлеуметтік экономикалық саланың заңдылығын қадағалау басқармасы басшысы:

Шет елдік жұмыс күшін жұмылдыруға рұқсаты жоқ жұмыс берушіге де қарастырылған жауапкершілік бар. Тексеріс өткізіп, жауаптыларды жазаға тартамыз. Ал жұмыскерлерге әрі қарай қандай қадам жасау дұрыс екендігі туралы кеңес береміз.

Ал тексеріс қорытындысы белгілі болғанша, жұмыскерлер  өз ісін жалғастыра бермек. Олардың өзге амалы да жоқ, себебі қайтар жолға ақшалары қалмаған. Мигранттардың ендігі үміті прокурорларда.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ