$543.24 €619.89 ₽6.78
×

Отандық дәрігерлер туа біткен лейкозды емдеді

AstanaTV
30.06.2015ж. 20:00
Отандық дәрігерлер туа біткен лейкозды емдеді

Отандық дәрігерлер алғаш рет туа біткен лейкозды емдеді және сүйек кемігін аллогенді жолмен алмастырды. Яғни науқасқа жаңа қан құю арқылы жілік майындағы қан жасалу жолдарын қалпына келтірді. Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының мамандары ауру балғындарды туған бауырларының қанын құю арқылы аман алып қалуда. Сонымен қатар лейкоздың тағы бір ауыр түріне шалдыққан үш жарым жастағы баланы жаңа туған қарындасының кіндік қанындағы діңгек клеткаларын құю арқылы ажалдан арашалап қалды. Бұл емдеу әдістері елімізде алғаш рет қолданылып отыр. Сүйек кемігін аллогенді жолмен алмастыру тәсілі елімізде 2012 жылдан бері қолданылып келеді. Бірақ ақ халаттылар туа біткен науқасты емдеуге тұңғыш рет қол жеткізді. Өкінішке орай, науқас баланың туған туыстары басқа балаларын донор қылуға келісе бермейді екен.

Дайыр Нұрғалиев, «Ана мен бала» ҰҒО АҚ І Онкология бөлімшесінің меңгерушісі:

Донор болу - қауіпсіз. Балаларын бір-біріне донор қылу арқылы ата-ана бауырларды аман алып қалу мүмкіндігіне ие. Туыстары мұны түсінбей жатады. Сүйек кемігі дегенде адамның миына операция жасайды деп ойлайды. Бірақ біз орталық жүйке жүйесін мүлдем қозғамаймыз. Бұл ем қан құю арқылы жүргізіледі.  Егер донор отбасы мүшелерінен табылса, науқастың аман қалу мүмкіндігі жоғары.

Бір жастан енді асқан Есентайдың жолы болды. Оған 7 жастағы ағасының діңгек клеткалары сай келіп, науқастың қаны толық жаңартылған. Туа біткен лейкозға шалдыққан Есентайдың емі аяқталып, бір аптадан соң ауруханадан шығады. Қытайдан көшіп келген қандастарымыз мұндай ауыр емді отандық дәрігерлердің жүргізгеніне дән риза.

Гүлбақыт Әсет, Есентайдың анасы:

Грипп болып түсіп қалды. Сол кезде айтты қанында бір қан көрсеткіші жоғары деді. Үлкен жерге апарып көрсетіңдер деді. Екі баламдікі сай келді. Сол үлкен баланікін алдық, екінші баламдікін. Осы ата жұртымыз деп келіп. Осы ата жұртымызды емделгенімізге зор қуаныштамыз.

Бізде лейкоз сынды қан ауруын ерте анықтау мүмкіндігі бар, тек діңгек клеткаларын беретін донор жетіспейді, - дейді мамандар. Елде үш мыңдай ғана донор бар.  Ал қажеттілік 20-30 мың. Туған туыстарының өзінің қаны сай келеді деген мүмкіндік 25 пайыз ғана екен. Бірақ осының өзі адамды аман алып қалуға үміт береді дегенді айтады ақ халаттылар. Жедел лейкозға шалдыққан науқас дер кезінде емделмесе, бір ай немесе одан да аз уақыт  өмірі қалады екен.

Айгүл ӘДЕПБАЙ