Алматыда жол ережесін
бұзатындардың басым бөлігі заңсыз такси жүргізетіндер. Оңай жолмен ақша тауып,
салықтан жалтарғандарды тәртіпке салуға полицейлер білек сыбана кіріскен. Әйтсе
де ресми тіркелген таксилерден гөрі жолаушыларға заңсыз қызмет көрсету арқылы
нәпақа табатындар азаймай отыр. Рейдтік тексеру шаралары аяқталысымен такси
жүргізушілері вокзал мен базарлардың маңын қайта торуылдауға көшеді. Алматы-1 вокзалының маңайында,
жолаушы іздеген мына азаматқа жақындап жөн сұрадық. Ол өзінің заңсыз ақша тауып
жүргенін мойындайды. Нәпақа табуға сонау Нарынқолдан келіпті. Такси орталыққа
оған ақша төлеп ... күнде біреуге 16 мың теңге бергенше, бала-шағама бермеймін
бе? Қуса енді бір Құдай біледі, орын көп қой тұрамыз көше көп таксиге. Күніне
10 шақты жолаушыны тасып, бұйырғанын аламын деп бастапқыда күмілжіген азамат
жолаушыны көргенде өзгеріп сала берді. Елімізде такси қызметін реттеу
үшін қабылданған арнайы ереже бар. Такси жүргізушісі өзімен қоса көлігін де
толық техникалық тексеруден өткізуі тиіс. Өйткені олар жолаушының
қауіпсіздігіне жауапты. Ал, көлденеңнен киліккен таксилер бұл талаптарға бағына
бермейді.
Нұрлан Алмасбеков, Алматы қалалық
ІІД Әкімшілік полициясы басқармасының басшысы:
Күніне қалаға сырттан 200 мың
көлік келеді. Заңсыз жолмен нәпақа табуға келгендердің басым бөлігін Оңтүстік
Қазақстан және Жамбыл облысынан келген азаматтары құрайды. Осы тексеріс
жүргізілген 5 күн ішінде 70 заң бұзушылықты анықтадық. Біз ең алдымен жеке
таксилер заңсыз тасымалдап жүрген жолаушылардың қауіпсіздігіне алаңдаулымыз.
Өйткені мұндай таксилер жол ережесін мүлде ескермейді.
Алайда жолаушылар мен камераның
алдында мұңын айтып дәрменсіз көрінгенмен көлік тізгініне отырғанда олардың
пәрмені күшті.
Айгүл Ермахан, тілші:
Заңсыз таксилерді қудалау маусымы
кімнің жеңісімен аяқталатыны әзірге белгісіз. Бірақ, ел тәртіп сақшылары
көлденең такси жүргізушілері қызметін заңсыз тіркемейінше, қыр-соңынан
тексергеніміз тексерген деп отыр. Сол арқылы мемлекеттік салықтан бас тартқандарды
жазаға тартып, заңды белден басқандардың ісіне тосқауыл қоймақ.
Айгүл ЕРМАХАН