Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіндегі алаяқтыққа қатысты істің ақ-қарасын сот анықтайды. Бүгін біздің арнаға берген сұқбатында оқу орнының проректоры Дархан Ахмет-Зәки осылай деді. Студенттерден ақшаны заңсыз жолмен алып, оқу орнының басшылығын алдап келген есепшілердің ісін қалалық ішкі істер департаменті әлі тергеп жатыр. Олар жалпы соммасы 8 млн. 800 мың теңгені жымқырған. Ал «алдандық» деген 4 студентке, «оқу ақысына қарыздарын толық өтемейінше, диплом берілмейді», дейді Ұлттық университет әкімшілігінің өкілі.
Дархан Ахмет Зәки, Әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ проректоры:
Бұл оқиғаның бетін өзіміз аштық.
Әрине олар ұзақ жылдар бойы ешкімге білдірмей ақпараттарды түзетіп отырған.
Студенттер курстан-курсқа өткенде қаржынының көлемі анықталуы керек болған.
Олар бірақ оны жасырып келген. Ақпараттық жүйедегі соманың мөлшерлерін өзгертіп
отырған. Сондықтан оны ешкім білмей келді.
Айта кетейік, осы аптада ақпарат
құралдарында еліміздегі ең беделді оқу орнындағы қаржылық келеңсіздікке қатысты
ақпарат тараған еді. Онда есеп-қисап бөлімінің бірнеше қызметкері студенттерден
оқу ақысына деп төленген қаражатты Университет есеп-шотына аудармай, жеке
мақсаттарына пайдаланып келгені айтылады. Ал мекеме тәртібі бойынша, оқу ақысын
студенттер арнайы банктік есепшотқа аударуы тиіс болған. Бірақ күдіктілер
шәкірттерді қаражат есепшіге тікелей төленсе, оқу ақысына «шегерім» болады, -
деп алдаған. Екі ортада алаяқтарға жем болған студенттердің мойнына миллондаған
теңге қарыз жазылды. Университет әкімшілігі бұл қарыздың өтелуін талап еткен.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ