Астана
күні қарсаңында еліміздің мұнай-химия кластері жаңа белеске көтерілді. Атырау
мұнай өңдеу зауыты жанындағы Хош иісті көмірсутектер шығару кешені жаңа өнім -
бензолдың алғашқы партиясын алды. Бұл күн отандық мұнай-химия өнеркәсібінің
тарихында қалмақ. Кешенді өткен жылдың
25-желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашқан болатын. Құрылысы
2010-жылы басталып, былтыр толық аяқталған кешен жоғары октанды бензин
өндірісінің көлемін арттырды. Мұнда жылына 133 мың тоннаға дейін бензол мен 500
мың тоннаға жуық параксилол өндіріледі. Салтанатты шараға жиналған қонақтардың
көз алдында химиялық талдау үшін алғашқы сұрыптау жасалып, бензол сынамасы
зауыттың зертханасына жіберілді.
Химиялық талдау жұмыстары жүргізілген соң бензолдың тауарлы өнім ретіндегі
сапасы расталды. Айта кетейік, бензол мұнай химия саласы үшін өте қымбат шикізат. Ол капрон, бояулар, улы химикаттар, құрылыс,
жиһаз өнеркәсібі, дәрілік препараттар, еріткіш заттар алуда қолданылады. Ал
бүгіннен бастап зауыт АИ-80 маркалы бензин өндірісін тоқтатты. Енді тек жоғары
октанды бензин шығармақ.
Қайрат
Оразбаев, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры:
Бензиннің
сапасын көтеріп, жоғары К-3, К-4 стандарттарға көшу үшін бензиннің құрамынан өте зиян бензолды
бөлек алу керек болды. Бүгін біздер
бензолды бөлек тауар қылып алдық. Ол
тауар сыртқы нарықта да өте қымбат, өте керек.
Тауар және мұнай-химия кластерінің Қазақстанның өндірістеріне шикізат
болып табылады. Бұл біздің Астананың
туған күніне арналған жеңісіміз.
Базаргүл
НӘДІРҚЫЗЫ