$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Елорда күніне орай жаппай мерекелік шара өтетін жерлерде масаларды улау жұмыстары жүргізілуде

AstanaTV
03.07.2015ж. 20:00
1845
Елорда күніне орай жаппай мерекелік шара өтетін жерлерде масаларды улау жұмыстары жүргізілуде

Астана масадан арылады. Елорда күніне орай дезинфекторлар мерекелік шара өтетін жерлерде жаппай улау жұмыстарын жүргізеді. Бұл туралы біздің арнамызға Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілдері айтты. Биылдан бастап шыбын-шіркейді жою ісімен Астананың коммуналдық шаруашылық басқармасы айналысады. Мамандардың айтуынша, дезинфекциялық жұмыстардың арқасында масаны әлдеқайда азайтуға болады. Дезинфекторлар бригадасының жұмысы бөлек. Олар жұмысқа қас қарайғанда шығады. Тұрғындар тынығып жатқан кезде, маса шағып, мазаны алмауы үшін барын салады. Жалпы масамен күресу ісіне күн сайын 100-ге жуық арнайы мамандар шығарылады. Биыл бұл жұмыспен «Столичная дезинфекция» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Мамандардың айтуларынша, Астана батпақты әрі қала маңындағы сулар балдырлы болғандықтан, шыбын-шіркейдің де саны ұлғая береді. «Тұрғын үйлердегі суға толы жертөлелердің өзінде масалар жылдам көбеюі ықтимал» - дейді мамандар.

Әбдірахым Мәсімов, «Столичная дезинфекция» ЖШС директоры:

Бізде күніне 80-ге жуық жұмысшы қала көшелеріне, парктерге шығып, орындықтар, шамдар мен жол жиектеріне арнайы химикаттар себеді. Әсіресе ыстық күндері шыбын-шіркей су маңында, фонтандардың қасында көп болады.

Қансорғыш жәндіктермен күресті қалалық коммуналдық шаруашылық мамандары кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр. Жауапты ведомствоның бөлім жетекшісі Жасұлан Байжанов, қазір дезинфекциялаудың үш кезеңі бітіп, төртіншісі басталғанын жеткізді. Десе де жоғары нәтижелерге қол жеткізе алмай отырғандықтарын жасырмайды.

Жасұлан Байжанов, Астана қаласы коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім жетекшісі:

Дезинфекциялау жұмысы бірнеше кезеңмен өткізіледі. Қазір төртінші кезең басталды. Алдыңғылары күткендегідей нәтиже бермеді. Енді алда қала күні келе жатыр. Соған дейін жағдай дұрысталады деген ойдамыз. Қазір жәндіктер азайып келеді.

Ал жергілікті Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы Нағима Шатаева, Астана күні мерекесінде қала тұрғындары мен қонақтарға қолайсыздық тудырмас үшін, қоғамдық орындарда шыбын-шіркеймен күрес еселене түсетінін айтты.

Нағима Шатаева, Астана қаласы Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің маманы:

Қазір әсіресе Ханшатыр, Бәйтерек сынды халық көп жүретін орындар қатаң бақылауда. Сондай-ақ, мерекелік шаралар өткізілетін жағажай мен этноауылда дезинфекциялық жұмыстар жүреді. Тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалып, бәрі де бақылауда болады.

Астана қаласының санитарлық дәрігерлері шыбын-шіркейге қарсы дәрі-дәрмектер адам денсаулығына қауіпсіз дейді. Жалпы айта кетерлігі, дезинфекторлар жұмысы мамыр айынан қыркүйекке дейін жалғасады.

Жұрағат БАМАН