$533.61 €621.07 ₽6.78
×

«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі басталды

AstanaTV
03.07.2015ж. 20:00
2474
«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі басталды

Елорданың туған күніне орай бой көтерген «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті ауылы бүгін салтанаттты түрде есігін ашты. Аталмыш фестиваль сегіз жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл ол Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ерекше түрленген. Айта кетерлігі бұл көшпенділердің өркениетіне арналған әлемдегі бірегей шара. Ата-бабамыздың тұрмыс тіршілігі мен салт-дәстүрін айнытпай көз алдыңда жандандыратын жалғыз фестиваль. Оған қазақ өнерпаздарынан бөлек Түркия, Башқұртстан, Әзірбайжан, Татарстан, Хакасия, Алтайдан келген бауырлас халық өкілдері қатысып жатыр.

Ұлы дала өміріне бойлағысы келген қонақтарды алдымен алып батырлар қарсы алады. Олардың үстінде сақтар заманынан бастап қазақ хандығына дейінгі кезеңді көрсететін киім үлгілері бар.1,90 мен 2 метр 10 сантиметр аралығындағы бойы бар батырлар қақпасынан өткен адамды биші қауым қарсы алады.

Мына жерге келгенде қала аумағында тұрғаныңды бірден естен шығарасың. Бұл жерде көшпенділердің ізі сайрап жатыр. Түбі бір түркі елінің тамыры байқалады. Қаймағы бұзылмаған салтымыз бен дәстүріміздің иісі шығады. Көшпенділер өркениеті фестивалі қазақ хандығының 550 жылдығын жырлайды. Мына таста сақ дәуірінен бастап қазақ хандығына дейінгі барлық тарихымыз бедерленген. Мына жерде мен өзімді көшпенділер ұрпағы екенімді шынайы сезініп тұрмын. Мұнда  ұлттық аспаптардың сан алуын түрі жиналған. Мәселен мына аспап шартылдақ деп аталады. Мұндағы аспаптардың барлығы сатылымға қойылған. Тіпті ағаштан түйін түйген шеберлер көз алдыңызда  домбыраны жасап береді.

Ал мына жерде ұсталар руыңыздың таңбасын соғып береді. Қамшыны да әп сәтте дайындап шығарса, саз балшықтың тілін білетін шеберлер  қалаған құмыраңызды құйып береді. Қысқасы не керектің бәрін табасыз. Тек қалтаңызда қаржыңыз болсын. Қолданбалы өнер туындысының бағасы да арзан емес. Мәселен, мына күміс алқалар 500 мың теңгеден басталып, 930 мың теңгеге дейін барады.

Ал мына алаңда «Номад» каскадерлер тобы садақ, найза атудағы мергендіктерімен тәнті етеді. Қыз қуу, теңге алу, аударыспақ сынды ұлттық ойындарымызды да осы алаңнан көресіз. Ат құлағында ойнаған жігіттер Голливудта өнер көрсетеді. «Көшпенділер», «Жау жүрек мың бала», «Рекетир» отандық кино туындылар мен «Конан варвар» сынды шетелдік фильмдерге түскен.

Балаларға арналған алаңда барлығы киізден жасалған. Биылғы жаңашылдықтың бірі осы. Кішкентайларыңыз тоғызқұмалақ, арқан тарту, асық ату сынды ұлттық ойындарды ойнай алады. Біз де жай тұрмай балалық шағымызды еске алдық. Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана фестивалі күндізгі сағат 11 мен түнгі сағат 23-00 аралығында алтыншы шілдеге дейін жұмыс істейді. Ертеңнен бастап ақындар айтысы мен спорттық жарыстар басталады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ