«Экс-банкир,
«Алма ТВ» компаниясының бас директоры Жомарт Ертаевқа қатысты, аса ірі көлемде
қаржы жымқырды, өзіне сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салды деген
күдікпен, қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз
қызметі. Қадағалау органы таратқан хабарламаға сүйенсек, прокуратура 22
маусымда Ертаевтың үстінен Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлімі 1-тармағы
бойынша қозғалған істі қарап жатыр. Бас прокуратура өзінің ресми сайтында түске
дейін жарияланған осы хабарламада: «Бұл іс «Альянс Банктің» лауазымды
қызметкерлеріне қатысты»,- деп көрсеткен.
Бірақ
түстен кейін құзырлы орган сайтында жарияланған бұл ақпарат толықтай жоғалып
кетті. Әуелгі ақпарат неліктен алынып тасталғаны жөнінде түсініктеме ала
алмадық.
Айта
кетейік, Жомарт Ертаев 2002-2007 жылдары «Альянс банктің» басқарма төрағасы
қызметін атқарды. Ал 2014 жылдың қарашасынан кабелді телевизия операторы
«Алма-ТВ» компаниясының бас директоры қызметін атқарып келді. Ертаевтың істі
болғаны туралы дерек бұған дейін де шыққан. Мәселен, 30 маусымда бірқатар
ақпарат құралдары ведомствоаралық шұғыл
тергеу тобының бизнесменді ұстамаққа әрекеттенгенін хабарлады. Бірақ экс-банкир
«артқы есіктен шығып қашып кеткен» деген ақпарат тарады. Дегенмен, Бас
прокуратура бұл деректі растамады. Компания басшысы төңірегіндегі ахуалды
түсіндіруді сұрап, «Алма ТВ» кеңсесіне де хабарластық. Бұл тарап түсініктеме
беруден бас тартқанымен, жауапты тиісті мерзімде әзірлейтінін мәлімдеді.
Айгүл ӘДЕПБАЙ