«Астана Жұлдызы» үшінші ұлттық
музыка бәйгесі мәресіне жетіп, үздіктер есімдері айқындалды. Алғаш рет кәсіби
сыйды «Астана» телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп, барша қазақстандықтар жылдың
ең үлкен музыкалық оқиғасына куә болу мүмкіндігіне ие болды. Голливудтық
Греммиден кем түспеген отандық марапат жайында толығырақ тілшіміз тарқатады.
Қызыл
кілем, папарацци, жарқ-жұрқ еткен фото, камера объективтері... Күннің
бұлыңғырлығына қарамастан, жұлдыздар мен жанкүйерлердің көңіл-күйлеріне кірбің
түспеді. Керісінше, Алланың нұры деп, мәре сәре болғандар аз емес.
Астананың күнінде, тойының
кезінде Нұр сыйлап бізге, сол нұр жауып жатыр деп ойлап жатырмыз!
Сүйікті
жұлдыздарын көріп, бір селфи жасау үшін келген көрермендер көп.
Мен Ақтөқбеден келдім. Осы
концертті армандайтын едім, жылда, қуанып тұрмын келгеніме.
Будем
фотографироваться со звездами, общаться с ними.
Айта
өтейік, қызыл кілем үстімен жүріп өткен жұлдыздарды Астана телеарнасының
жүргізушілері Ильхам Ибрагим мен Динара Сатжан қарсы алды. Қонақтар қатарында
жұлдызы енді жанған әншілерден бастап, аты ағызға айналған қазақ эстрадасының
майталмандарына дейін бар. Сонымен
100 сарапшының қатаң іріктеуі бойынша үздік әнші атағына Айқын Төлепберген
лайық деп танылды. Ал қыздар арасында халықаралық «Тюрквижн
2014» байқауының
жеңімпазы Жанар Дұғалова үздік атанды. Сондай-ақ, Жанар «Ізін
көрем»
әні үшін «Жыл əні» номинациясын да
қанжығалады. «Үздік
жігіттер тобы»
номинациясына түскен үш топтан Жігіттер квартеті суырыла алға шықты.
Ләззат
Танысбай,
«Астана» телеарнасының бас директоры:
Жалпы
соңғы жылы өзіміздің отандық өнер жұлдыздарының өнеріне, олардың
шығармашылығына деген халықтың махаббаты, халықтың қызығушылығы өте зор.
Бұл, әрине, біз үшін өте қуанышты жағдай, Әділқазылар алқасының шынында да пікірі
әділ болды. Сіздердің, көпшіліктің пікірімен келісті. Яғни «Жігіттер»
тобы - жеңімпаз!
«Үздік
қыздар тобы» аталымын «Асыл» тобы еншіледі. Өз жұлдыздарын композитор Арман
Дүйсенов, «Үздік мəтін авторы» Қалқаман Сарин де алды. Жыл қорытындысы бойынша «Үздік
дуэт»
номинациясы Бүркіт пен Аишаға бұйырды.
Кеште Қазақстанның жарық жұлдызы
Батырхан Шүкеновтың аты да аталды. «Музыка саласының
дамуына қосқан үлесі үшін» жүлдесін өмірден озған әншінің директоры
Олжас Байқанов пен Батырхан Шүкеновтың ұлына табыстады. Кеш
қонақтары жеңімпаз есімі аталғанда орындарынан тұрып, еріксіз көзге жас алды.
Сондай-ақ, «Қазақстан музыкасының дамуына
қосқан үлесі үшін» Қайрат Байбосынов, «Үздік жеке концерт» номинациясы бойынша
Мейрамбек Бесбаев, «Жаңа тыныс» аталымы бойынша жас əнші Санда жеңіске жетті.
Және «Үздік өңдеуші» болып Павел Ли атанды. Бұл 550 үміткердің арасынан суырыла
алға шыққандардың есімдері.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА