Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «қарамағындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін бірінші басшыларын жауапқа тарту» туралы ұсынысқа комментарий берді. Өткен аптада Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов тиісті заңға енгізетін түзетулерге сәйкес, әкімдер мен министрлер қол астындағылардың коррупциялық әрекеті үшін жауапкершілік арқалайтынын айтқан етін. Министр Қ.Қасымов «Қарамағыңыздағы қызметкеріңіз сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп танылған жағдайда қызметіңізден кетесіз бе?» - деген сұраққа: «Иә!» -деп жауап берген.
Енді мынадай деталь: 23-қыркүйекте елімізге келіп кәсіппен айналысқан АҚШ азаматы Александр Лидің Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Амантай Әубәкіров«бизнесімді рейдерлік жасап тартып алды», деп мәлімдеген ролигі Youtube –те тараған. Дүйсенбіде Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Алмас Садубаевтың министрліктің ішкі қауіпсіздік департаменті Александр Лидің мәлімдемесі бойынша тексеру жүргізгені туралы хабарламасы шықты. «Аталған үндеудегі азаматтың «Әубәкіровтің отбасы Алматыдағы ортақ бизнесімді рейдерлік жасап тартып алды» деген дәйектері расталмады», деген Садубаев. Ал ертеңіне, сейсенбіде министрі былай деді:
Қалмұханбет ҚАСЫМОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Тартыс оның әйелі және азаматтық тұлғаның арасында. Қазір азаматтық процесс жүріп жатыр. АҚШ азаматы арызды бізге де жазды. Сондықтан ішкі қауіпсіздік департаменті оның бұл іске қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Екіншіден, Ли прокуратураға да шағымданды. Прокуратура да тексеріп жатыр. Сондықтан біз азаматтық соттың қорытындысын күтеміз. Соған сәйкес шешім шығарамыз.
Ішкі тексеріс аяқталмаған болса, министрліктің баспасөз хатшысы неге асығыс хабарлама таратты екен? Амантай Әубәкіров 2009 жылдың қыркүйегінен 2011 жылдың шілдесіне дейін Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарған. Айтпақшы, генералдың әйелі Светлана Әубәкірова шағымданушы Лидің өзін қаралап: «Бұл бизнеске жолдасымның ешқандай, абсолютті қатысы жоқ»,-деп мәлімдеген. "Не бизнес, өзі?"- дегенге келсек, мейрамхана бизнесі.
Ал Астана мен Алматы полицейлерінің бір-біріне бейне-челлендж жасап, етпетінен түсіп, жаттығуын жұрт қалай қабылдағаны түсінікті - полицейлердің имиджін жақсартуға септеседі деп ойламайды. Керісінше. Оның үстіне осы аптада Алматыда бір полицей әріптесін атып, ол ауруханада көз жұмды. «Олар жақын адамдар, Беристемовтің қарындасын алған Бегланұлы отбасынан кетіп қалған, трагедия осы жағдайға байланысты болған», - министрдің комментарийін тыңдасақ. Әріптестер анықтағандай, оқ атқан Беристемовтің әкесі де полицияда істеген, алайда полковник былтыр мезгілсіз дүние салған. Былтыр оны қарамағындағы қызметкер атып өлтірген. Полицияға реформа керек деген қоғам сұранысына байланысты Тенгриньюс порталы өткенде Ішкі істер министрі қызметін атқарған Қайырбек Сүлейменовтен интервью алған, ол: «Жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек, реформа деген сол»,- депті. Ал маусым басталғанда біз жасаған сюжетте Халықаралық құқықтық бастама қорының президенті Айна Шорманбаева: «Қазақстанда ішкі істер саласын техникалық тұрғыдан реформалауға болады. Бірақ полиция биліктің айтқанымен жүргендіктен аңыз болып айтылатын грузин реформасын жасауға мүмкіндік жоқ», - деген.